Nvidia корпорациясының негізін қалаушы Дженсен Хуангтың отставкасынан кейін басталған дау АҚШ үкіметінің жоғары эшелонына жетті. АҚШ Сауда министрі Говард Латник Қытаймен байланысы бар делдал компанияларға уақытылы шектеу қоймағаны үшін қатты сынға ұшырап, қызметінен кету қаупіне тап болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Megaspeed дауы және Қытайға чип өткізу күдігі
Жасанды интеллект нарығының көшбасшысы саналатын Nvidia компаниясының жетекшісі Дженсен Хуанг бірнеше некеден тыс қарым-қатынасы әшкереленген соң қызметінен кетті. Ең басты назар Сингапурдегі Megaspeed компаниясының бұрынғы жетекшісі Элис Хуангпен байланысына аударылды. АҚШ барлау қызметі оны Қытайдың мемлекеттік қауіпсіздік органдарымен байланысы бар агент деп күдіктенеді.
Тергеу деректеріне қарағанда, Megaspeed соңғы жылдары құны шамамен 5 миллиард доллар болатын 240 мыңға жуық озық Nvidia чиптерін сатып алған. Бұл жабдықтар Вашингтонның экспорттық шектеулерін айналып өтіп, Қытай аумағына бағытталған деген болжам бар. Сауда министрлігі бұл компанияны санкциялық тізімге қосуды негізсіз созып келді деген айып тағылды.
«Көптеген мемлекеттік құрылымдар, соның ішінде Қаржы министрлігі мен Пентагон Megaspeed-ті қара тізімге енгізуді талап етті. Алайда шешім қабылдау құзыреті тек Сауда министрлігінде болды», – деді Скотт Бессент.
Латниктің байланыстары мен Трамптың саясаты
Сауда министрі Говард Латник бұған дейін Cantor Fitzgerald қаржы тобын басқарған. Қазір оның балалары басқаратын бұл құрылым Nvidia акцияларының 1,2 миллиард долларлық пакетіне иелік етеді. Сондай-ақ компания Оңтүстік-Шығыс Азияда деректер орталықтарын салу жобаларын қаржыландырған. Сарапшылар осы жайттар министр шешімдеріне әсер етуі мүмкін екенін алға тартуда.
Сонымен бірге президент Трамп әкімшілігінің өзі Қытайға чип экспорттау шектеулерін жеңілдетуге ниет танытып келгені белгілі. Трамп пен Хуанг жиі байланыста болып, Nvidia басшысы сауда талаптарын жұмсартуды сұраған. Алайда тыңшылық деректері мен шектеулерді айналып өту схемалары бұл саясаттың күлін көкке ұшырды.
«Маған Элис Хуангтың тыңшы болған-болмағаны маңызды емес. Ең бастысы — Nvidia ішінде АҚШ заңдары мен экспорттық ережелерді қатаң сақтау тәртібі болды ма, жоқ па деген мәселе», – деп атап өтті Қаржы министрі.
Конгресс тергеуі және алдағы жауап алу процесі
АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент Nvidia директорлар кеңесінен он күн ішінде заң бұзушылықтарға қатысты ресми жауап беруді және компания басшылығын толық жаңартуды талап етті. Айтуынша, корпорация бақылауды әдейі әлсіретіп, табыс табуды бірінші орынға қойған болуы ықтимал.
Қазіргі уақытта АҚШ Конгресінің қос палатасы оқиғаға қатысты ауқымды тергеу бастады. Сауда министрі Говард Латник 10 желтоқсанда Сенаттың Банк комитеті алдында ашық тыңдауда жауап беруге келісті. Ақ үйде Латникті қызметінен босату мәселесі талқыланып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







