Технологиялық өнім жасау – жолдың бір бөлігі ғана. Әсіресе әлеуметтік стартап болса, оның одан әрі дамуын қамтамасыз ету әлдеқайда күрделі. 2023 жылы негізі қаланған қазақстандық SoileApp жобасы дербес әзірлемеден гранттық қаржыландыруды тартуға дейінгі жолдан өтті. Nazarbayev University корпоративтік қоры – NU Impact Foundation қолдауы командаға зағип және нашар көретін жандарға арналған алғашқы отандық скринридерді технологиялық тұрғыдан жетілдіруге мүмкіндік берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазақ тілінде экрандық қолжетімділік технологиясы
SoileApp негізінде мәтіндік ақпаратты және компьютерлік интерфейс элементтерін дауыстық сүйемелдеуге айналдыруға мүмкіндік беретін сөйлеуді синтездеу технологиясы жатыр. Бағдарламаны қазақстандық «QazTech Development» ЖШС IT-компаниясы әзірлеген және ол көру қабілеті бұзылған пайдаланушыларға арналған.
Скринридерлер көзі көрмейтін жандарға ақпаратты визуалды қабылдау қажеттілігінсіз операциялық жүйемен жұмыс істеуге, құжаттармен жұмыс жасауға, браузерлер мен басқа да қосымшаларды пайдалануға мүмкіндік береді.
SoileApp бағдарламасының негізгі технологиялық ерекшеліктерінің бірі – қазақ тілінде сөйлеуді синтездеу. Әзірлеме мемлекеттік тілдің фонетикалық және тілдік ерекшеліктерін ескеріп, табиғи әрі түсінікті дыбысталуды қамтамасыз етуге ұмтылады. Бағдарлама сондай-ақ орыс және ағылшын тілдерін де қолдайды.
«2023 жылы SoileApp әзірлеуді бастаған кезде, негізгі міндеттердің бірі – қазақ тіліндегі сапалы сөйлеу синтезін жасау болды. Бізге роботтандырылған дыбыстан алшақтап, сөйлеуді адам дауысына барынша жақындату маңызды еді. Бүгінде бағдарламада екі қазақша дауыс қолжетімді: ерлер дауысы – Айбек және әйелдер дауысы – Ақмарал. Біз пайдаланушының ақпаратты жасанды дыбыстан ыңғайсыздық сезінбей, табиғи қабылдауына ұмтылдық», – дейді жоба негізін қалаушы Олжас Сәрсенбаев.
Дербес әзірлемеден технологиялық дамуға дейін
Экрандық қолжетімділік бағдарламалық жасақтамасын жасау тек сөйлеу жүйесін әзірлеуді ғана емес, оның операциялық жүйемен, браузерлермен және кеңсе қосымшаларымен дұрыс үйлесуін қамтамасыз етуді талап етеді.
2023 жылы негізі қаланғаннан бері SoileApp командасы өнімді негізінен өз ресурстары есебінен дамытты. Функционалдылықтың кеңеюіне қарай күрделірек техникалық міндеттерді шешу үшін қосымша инвестиция қажеттілігі туындады.

2025 жылы жоба NU Impact Foundation корпоративтік қорының Social Startup 2025 гранттық бағдарламасының жеңімпазы атанды. Қаржыландыру қолданыстағы бағдарламалық жасақтаманы жаңғыртуға бағытталды.
Техникалық тапсырма скринридердің Google Chrome жүйесіндегі жұмысын оңтайландыруды, Microsoft Word және Excel бағдарламаларына бейімдеуді, интеллектуалды оқу режимін дамытуды, сондай-ақ кескіндердегі, PDF файлдары мен скриншоттардағы мәтінді тану үшін OCR технологиясын енгізуді қарастырды.
Жүйелік хабарландыруларды дауыспен сүйемелдеуді жетілдіру, жауап беру жылдамдығын және синтезделетін сөйлеу сапасын арттыру жеке бағытқа айналды. Мұндай жақсартулардың практикалық маңызы зор: кестелер мен құжаттарды дұрыс оқудан бастап веб-беттер мен жүйелік диалогтық терезелерде навигация жасауға дейін көмектеседі.
«Белгілі бір кезеңде біз технологиялық стартаптарға тән мәселеге тап болдық: өнім жұмыс істеп тұр, бірақ оның сапалы дамуы үшін қосымша ресурстар қажет. NU Impact Foundation гранты жоспарланған техникалық толықтыруларды іске асыруға жол ашты. Бұл біз үшін өз күшімізбен дамудан бағдарламалық жасақтаманың сапасы мен функционалдығымен жүйелі жұмыс істеуге көшу болды», – деп түсіндірді Олжас Сәрсенбаев.
Отандық скринридер пайдаланушыларға қалай жетеді?
Мамандандырылған бағдарламалық жасақтама үшін оны таратуды ұйымдастыру да маңызды мәселе болып қала береді.
SoileApp өнімінің негізгі сату арнасы – B2B моделі, атап айтқанда Қазақстанның Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жұмыс істейтін ноутбук жеткізушілерімен ынтымақтастық орнату.
«QazTech Development» компаниясы жеткізушілерге зағип және нашар көретін пайдаланушыларға арналған ноутбуктерге орнатылатын бағдарламалық жасақтама лицензияларын ұсынады. Мұндай модель отандық скринридерді цифрлық ақпаратпен күнделікті жұмыс істеуге қажетті компьютерлік жабдықпен бірге таратуға мүмкіндік береді.
SoileApp жобасының дамуы Қазақстанның технологиялық саласында ұлттық тілдік ортаны ескеретін мамандандырылған бағдарламалық шешімдерді жасаудың кең үрдісін көрсетеді. Бұл ретте жоба тәжірибесі стартап үшін алғашқы нұсқаны жасау ғана емес, кейінгі зерттеулер, техникалық жаңғырту және қаржыландыруға қол жеткізу де зор рөл атқаратынын дәлелдейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







