Халықаралық ғалымдар тобы «қатып қалған иық» деп аталатын адгезивті капсулит дертін жеңілдетудің ең нәтижелі медициналық жолдарын анықтады. The BMJ ғылыми журналында жарияланған ауқымды сараптамаға сәйкес, бұл күйде соққы-толқынды терапия мен анестезия кезіндегі қолмен манипуляция жасау ең жақсы нәтиже көрсетеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Иық буынын қоршап тұрған дәнекер тіннің қалыңдап, қабынуынан туындайтын аталған дерт адамдардың шамамен 5 пайызында кездеседі. Ол қатты ауырсынуға, ұйқының бұзылуына және қол қимылының шектелуіне алып келеді. Дерт әсіресе 40 пен 60 жас аралығындағы адамдарда, соның ішінде әйелдерде жиі байқалады.
13 мыңға жуық пациенттің дерегі сарапталды
Қытайдағы Сянъя ауруханасының ортопед-зерттеушісі Цзяхао Мэн бастаған ғылыми ұжым осы ауру бойынша бұрын жүргізілген 189 клиникалық сынақты қайта қарап шықты. Зерттеулерге орташа жасы 54-ті құрайтын 13 мыңға жуық адам қатысқан.
Ғалымдар экстракорпоралды соққы-толқынды терапияның ауырсынуды тез арада басуда басқа стандартты тәсілдерден анағұрлым тиімді екенін байқады. Төмен қуатты дыбыс толқындары зақымдалған тінге қан ағымын күшейтіп, оның қалпына келу процесін жеделдетеді.
«Орташа деңгейдегі сенімді деректер соққы-толқынды терапия қысқа мерзімді ауырсынуды айтарлықтай басатынын, ал анестезия кезіндегі манипуляция науқастардың қолын алға әрі жоғары еркін көтеруіне жол ашатынын дәлелдейді», – деді зерттеу жетекшісі Цзяхао Мэн.
Наркозбен созу және буынның икемділігі
Наркоз астында жасалатын манипуляция барысында дәрігерлер науқас ұйықтап жатқанда иық буынын арнайы созып, қозғалыс шеңберін кеңейтеді. Бұл әдіс буын ішіне стероидты инъекция жасалса да, жасалмаса да, буынның бүгілуі мен қозғалғыштығын қысқа мерзімде жақсартуға септігін тигізеді.
Дегенмен мамандар өзге кең тараған әдістердің бәрі бірдей үмітті ақтамағанын ескертеді. Көптеген басқа ем-дом тәсілдерінің тиімділігі туралы ғылыми дәлелдердің деңгейі тым төмен болып шықты.
«Көптеген өзге емдеу тәсілдері бойынша нақты қорытынды жасауға дәлелдер әлі де жеткіліксіз. Сондықтан емдеу жоспарын бекіткенде әдістің инвазивтілігін, бағасын және науқастың жеке ерекшелігін ескеру қажет», – деп түйіндеді зерттеушілер тобы.
Ұзақ мерзімді әсері әлі бақыланады
Сарапшылар бұрынғы клиникалық сынақтардың көбінде бірқатар кемшіліктер болғанын, сырқаттың ұзақтығы мен пациенттердің бұрынғы емі әрдайым толық жазылмағанын ашық айтты. Сондықтан жаңа талдау нәтижелері алғашқы алты ай ішіндегі қысқа мерзімді емдеу тактикасын таңдау үшін өте пайдалы саналады.
Дәрігерлер науқасты тексеру кезінде жай ғана дәрі жазып бермей, дерттің деңгейіне қарай физиотерапия, дыбыстық соққы-толқын немесе күрделі манипуляцияларды саралап қолдану қажеттігін алға тартады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







