Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығында Халықаралық студенттер күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Жиында қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген 40-қа жуық жас марапатталды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шараның басты мақсаты – білім мен қоғамдық жұмыста ерекшеленген студенттердің еңбегін бағалау, жетістігін қатарластарына үлгі ету және жастардың жаңа бастамаларға деген ынтасын арттыру.
Марапатталғандар қатарында оқу үлгерімі жоғары, әлеуметтік жобаларға, еріктілік қозғалысына, мәдени-көпшілік және танымдық шараларға белсенді қатысып жүрген студенттер бар. Олар ұйымдастырушылық қабілетімен, бастамашылдығымен және азаматтық ұстанымымен ерекшеленген.
Студенттік кезең жас адамның кәсіби бағыты мен өмірлік көзқарасы қалыптасатын маңызды уақыт саналады. Қоғамдық бастамаларға қатысу жастарға тәжірибе жинауға, өз қабілетін сынауға және жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік береді.
Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Қуаныш Серікбай студенттердің қоғам дамуындағы орнына тоқталды. Оның айтуынша, Шымкентте 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың саны 400 мыңнан асады. Соның 150 мыңға жуығы – студент.

«Бүгін қоғамдық өмірге белсене араласып, жастар саясатын қолдауға және қоғамның дамуына үлес қосып жүрген 40-қа жуық жас марапатталды. Олардың жетістігін өзгелерге үлгі ету арқылы жастар арасындағы азаматтық белсенділікті арттыруды көздейміз», – деді Қуаныш Серікбай.
Ол студенттерді мерекемен құттықтап, білім жолындағы ізденісі мен бастамасына сәттілік тіледі. Сондай-ақ оқуда озат, еңбекте табысты болып, ел мен қаланың дамуына қызмет ететін білікті маман атануға шақырды.
Марапаттау рәсімі белсенді студенттердің еңбегіне көрсетілген құрметке айналды. Мұндай басқосулар жастардың өзара тәжірибе алмасуына, жаңа идеяларын ортаға салуына және ортақ мақсат жолында ынтымақтасуына жағдай жасайды.
Шымкенттегі жастар саясатының негізгі бағыттарының бірі – жас буынның әлеуетін ашу, қоғамдық бастамаларын қолдау және қала өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беру. Ұйымдастырушылар білімді, ізденімпаз әрі жауапкершілігі жоғары жастарды қолдау елдің болашағына салынған маңызды инвестиция екенін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







