Қазақстанда мұнай-газ өнеркәсібінде ең көп сұранысқа ие түпнұсқа тауарларды ел ішінде шығару мақсатында 15 жаңа өндірісті локализациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әлемдік және отандық ірі өндірушілермен бірлесіп қолға алынған жобалардың жалпы құны 37,7 миллиард теңгені құрайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Импортты алмастыру және жаңа жұмыс орындары
Үкімет отырысында сөз сөйлеген Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов аталған бастамалардың мұнай-газ секторын қажетті жабдықтармен дер кезінде қамтуға және жергілікті кадрлардың өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Жаңа зауыттар өнім түрлерін көбейтіп қана қоймай, ішкі нарықтағы шетелдік тауарлар үлесін азайтуға мүмкіндік береді.
«Мұнай-газ саласында барынша сұранысқа ие түпнұсқа тауарлардың әлемдік және қазақстандық өндірушілерімен бірлесіп, 37,7 миллиард теңгеге 15 жаңа өндірісті локализациялау жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаларды жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын құруды, сондай-ақ ел ішінде қосылған құны жоғары тауарларды өндіру және оларды шығару бойынша құзыреттілікті сатып алуды қамтамасыз етеді», – деді Ерлан Ақкенженов.
Мұндай тәсіл бұған дейін де оң нәтижесін көрсеткен болатын. Ведомство дерегінше, 2022–2025 жылдар аралығында елімізде құны 7,9 миллиард теңге болатын 10 өндіріс орны жергіліктендіріліп, 350-ден астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылған.
Сертификаттау шығындары және экспорттық әлеует
Отандық кәсіпорындардың халықаралық талаптарға сай болуын жеңілдету үшін мемлекеттік қолдау көлемі айтарлықтай кеңейтілді. Әсіресе заманауи стандарттарға сай келетін сертификаттарды алу процесі жеңілдетілді.
«Тиісті сертификаттауға жұмсалған шығындарды өтеу шегін 3 мыңнан 15 мың айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту жұмысы жүргізілді. Осындай қолдау отандық кәсіпорындарға 60 миллион теңгеге дейінгі шығындарын қайтарып алуға жол ашады. Нәтижесінде қазақстандық өндірушілер үш ірі оператордың жеткізу тізбегіне шығып, өнімдерін шетелге экспорттай алады», – деп нақтылады министр Ақкенженов.
Бүгінде мұнай-газ жабдықтарын шығаратын 7 отандық кәсіпорын өнімдерін Еуропа, Солтүстік Америка және Азия нарықтарына тұрақты жеткізіп келеді. Қазақстандық зауыттардың Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сияқты алып жобаларға мердігер ретінде қатысуын арттыру шаралары алдағы уақытта да жалғасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







