Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысы барысында импорталмастыруды одан ары дамыту мәселесіне назар аударды. Мұндағы бағыттардың бірі – ауыр жүк көліктерінің халықаралық брендтерін локализациялау, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Импортты алмастыру мәселесінің де маңыздылығын атап өтемін. Қазақстанның логистикалық әлеуетін дамыту және отандық тасымалдаушылардың автопаркін жаңарту мақсатында ауыр жүк көліктерінің халықаралық брендтерін локализациялау бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бүгінде HOWO, SITRAK және Scania жүк көліктерін шығару қолға алынды. Бұдан бөлек, олардың құрамдас бөлшектерін локализациялауға басымдық берілуде. Осы жылдың соңына дейін Алматыда Volvo жүк сүйрегіштерін өндіруді бастау жоспарлануда. Mercedes компаниясымен келіссөздер жүргізілуде. Аталған жобалар уақтылы жүзеге асырылып, іске қосылуға тиіс», — деді Олжас Бектенов.
Мұндай жұмыстарды кепілді сұраныс пен тиісті қолдау шараларын қамтамасыз ете отырып, басқа да жоғары технологиялық бағыттар бойынша жүргізу қажеттігі атап өтілді.
Үкімет жетекшісі жауапты мемлекеттік органдарға аталған бағыт бойынша тапсырма берді:
Көлік министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, халықаралық тасымалдар үшін отандық жүк техникасына сұранысты ынталандыру, оның ішінде жеңілдікпен лизингті кеңейту жөнінде шаралар қабылдасын.
Бұдан бөлек, Өнеркәсіп министрлігі импортты алмастыруды дамыту бойынша басым бағыттарды айқындап, оларды Қазақстанда локализациялау шараларын әзірлеуі қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







