Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру аясында отандық өндірісті дамыту мүмкіндіктеріне назар аударды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«”Халықтық құрылыс” бағдарламасын кең ауқымда жүзеге асыру басталып жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әкімдіктермен, “Бәйтерек” холдингі және “Атамекен” ұлттық палатасымен бірлесіп, аталған бағдарламаға отандық өндірушілердің қатысуын қамтамасыз етсін», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Отандық өндірістің әлеуеті мен қажеттіліктер
Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағытталатын «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру отандық өнеркәсіп саласы үшін қосымша мүмкіндіктерге жол ашатыны баса айтылды. Бұл ретте қазақстандық кәсіпорындар негізгі құрылыс материалдары бойынша ішкі қажеттіліктің орта есеппен 73%-ға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Қолда бар өндірістік қуаттарды іске қосу және материалдар мен жабдықтар шығару ісін кеңейтуді талап ететін бағыттарды алдын ала айқындау қажеттігі атап өтілді.
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жинақталған нақты тәжірибе бар екені атап өтілді. Оған сәйкес, 106 жобалау-сметалық құжаттама бойынша материалдар мен жабдықтарға деген қажеттілік айқындалды.
Өндірістерді кеңейту мен үйлестіру
Жобаларды жүзеге асыру кезінде тауар өндірушілер тізілімінде бар өнімдерді ескеру, тауарларға қажеттілікті алдын ала жариялау және сатып алу және жеткізу мерзімдерін ескере отырып, өндірістерді кеңейтуді қаржыландыруды қамтамасыз ету қажет екендігі атап өтілді.
Жалпы бақылау мен үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







