Шымкентте бұқаралық спортты дамыту тұрғындарға тегін жаттығу ұйымдастыру, жаңа спорт нысандарын салу және шалғай елді мекендердегі инфрақұрылымды жақсарту арқылы жүзеге асырылып жатыр. 2026 жылы қаланың дене шынықтыру және спорт саласына 21, 8 млрд теңге бөлініп, оның 319 млн теңгесі бұқаралық спортты дамытуға бағытталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазір Шымкентте 877 спорт нысаны бар. Оның 589-ы дене шынықтыру және спорт мақсатында пайдаланылады, 253 нысан білім беру ұйымдарына, 35-і спорт мектептеріне тиесілі. Жекеменшік секторда 184 нысан жұмыс істейді.
Бұқаралық спортты дамытудың қолжетімді бағытының бірі – саябақтардағы тегін таңғы жаттығу. Қаланың 13 саябағы мен аллеясында 31 спорт нұсқаушысы тұрғындарға күн сайын жаттығу өткізеді. Жобаға балалар, жастар, ересектер мен зейнеткерлерді қосқанда мыңға жуық адам қатысады.
Жаттығулар Дендросаябақта, Абай, Орталық, Жеңіс, Металлургтер және Қазақстан–Түркия достығы саябақтарында, Қажымұқан стадионы мен бірнеше аллеяда ұйымдастырылады. Мұндай алаңдар тұрғынға абонемент сатып алмай-ақ дене шынықтырумен жүйелі айналысуға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері қалада 25 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізілді. Жарыстарға әуесқой спортшылар, жастар және түрлі жастағы тұрғындар тартылып отыр.
Әкімдік спорт инфрақұрылымын орталық аудандармен шектемей, шалғай тұрғын алаптарға да жеткізуге назар аударған. Қайнарбұлақ пен Нұрсәт шағынаудандарында ангар үлгісіндегі екі модульді спорт залы ашылды. Жаңа нысандар балалар мен жасөспірімдердің үйіне жақын жерде тұрақты жаттығуына жағдай жасайды.
Тұран шағынауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, ал Базарқақпа тұрғын алабындағы стадион аумағында қосымша спорт нысанын салу жоспарланған. Ақтас, Ақтас-2, Бадам-2, Көкбұлақ және Қызылжар аумақтарынан жаңа спорт кешендеріне арналған жер телімдері рәсімделді.
Сонымен бірге Тұран-2-де жаңа стадион, Тұранда паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт кешені салынып жатыр. Мұз сарайы, «Локомотив» стадионы, Орталық су-спорт кешені және өзге де қолданыстағы нысандарды жөндеу қарастырылған. Шымкенттегі негізгі міндет – кәсіби спорттағы нәтижемен ғана шектелмей, қарапайым тұрғынға күнделікті қозғалысқа қолайлы орта қалыптастыру.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







