Шымкентте «Креативті бейсенбі» жобасы аясында жүн кескіндемесіне арналған шығармашылық кездесу өтті. Қала тұрғындары бояу мен қылқалам қолданбай, табиғи жүннен сурет жасау тәсілімен танысты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кездесуде шебердің дайын туындылары көрсетіліп, қатысушыларға ерекше техниканың қыр-сыры түсіндірілді. Жүн кескіндемесінің басты ерекшелігі – дәстүрлі бояудың орнына табиғи жүннің қолданылуы. Түрлі түсті талшықтар арнайы негізге жұқа қабатпен біртіндеп төселеді. Әр қабат болашақ суреттің түсін, көлемін және пішінін қалыптастырады.
Шеберлер жүннің реңкі мен құрылымын үйлестіру арқылы түстердің бірінен-біріне жұмсақ ауысуын қамтамасыз етеді. Талшықтарды дәл орналастыру нәтижесінде ұсақ бөлшектер, жарық пен көлеңке, кеңістік және көлем әсері пайда болады. Дайын туынды сырттай бояумен салынған картинаға ұқсағанымен, оған бір тамшы да бояу жұмсалмайды.
Кездесуді ұйымдастырушы әрі жүн кескіндемесінің шебері Наталья Ветрова шығармашылық арқылы қоршаған әлемге деген көзқарасын жеткізудің жолын ұзақ іздегенін айтты. Оның пікірінше, жүннің табиғи әрі жұмсақ құрылымы сезім мен көңіл күйді шынайы бейнелеуге мүмкіндік береді.
«Картиналарымнан әлемге деген сүйіспеншілігім мен таңданысым көрінеді деп үміттенемін. Жүн кескіндемесі ішкі сезімімді жеткізуге ең қолайлы бағыт болды. Ол тірі, көлемді және шынайылық әсерін тудырады», – деді Наталья Ветрова.
Шебердің айтуынша, аталған техниканы көркемсурет білімі жоқ адам да меңгере алады. Мұнда кәсіби сурет салу қабілетінен бұрын шыдамдылық, қиял, ұқыптылық және түстерді дұрыс үйлестіру маңызды. Дегенмен жұмыс мұқияттылықты талап етеді. Себебі абайсыз қимыл жүн талшықтарының орнын өзгертіп, композицияға әсер етуі мүмкін.
Іс-шараға қатысқан Маргарита Баскакова туындыларды жақыннан қараған кезде шебердің еңбегі мен суреттердегі ұсақ бөлшектер ерекше әсер қалдырғанын жеткізді. Оның айтуынша, жүннен жасалған картиналардың сапасы мен орындалу дәлдігі таңданыс тудырады.
«Креативті бейсенбі» жобасы Шымкент тұрғындарын өнердің жаңа бағыттарымен таныстыруды көздейді. Мұндай кездесулерде қатысушылар шеберлермен тілдесіп, олардың тәжірибесін көріп қана қоймай, жаңа шығармашылық тәсілді өз қолымен сынайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







