Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімдігі әлеуметтік желілерді қалалық мәселелерді шешу құралы ретінде пайдалану және жеке блог жүргізуді дамыту тақырыбында шеберлік сабағын ұйымдастырды. Кездесу барысында қатысушылар әлеуметтік желі арқылы ауданның өзекті мәселелеріне қоғам назарын аударуды, көпшілікке қызықты контент жасауды және қала билігімен сындарлы байланыс орнатуды үйренді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков блогерлермен және тұрғындармен өзара іс-қимыл тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, мұндай байланыс қала ортасындағы мәселелер туралы ақпаратты жедел алуға және оларды шешу жолында нақты жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.
Кездесуге қоғам белсенділері мен PR саласының мамандары, соның ішінде Сәуле Серғазинова, Айбек Аманов, Далида Накупова және Рахат Сайранбек арнайы шақырылды.
Спикерлер жеке блогты дамытудың негізгі қағидалары, қызықты контент әзірлеу, оқырман мен көрермен тарту, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы қоғам үшін маңызды бастамаларды ілгерілету мүмкіндіктері туралы әңгімеледі.
«Бүгінде әлеуметтік желілер өзін таныту алаңы ғана емес, қоғаммен байланыс орнатудың тиімді құралына айналды. Тұрғындардың аулалардың, көшелердің, қоғамдық орындар мен қалалық инфрақұрылымның жай-күйі туралы жарияланымдары мәселелерді дер кезінде анықтап, жауапты мекемелердің назарын аударуға көмектеседі», – деді Азамат Қалдыбеков.
Lifestyle бағытындағы блогер Сәуле Серғазинова да жеке блогын дамыту тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, көпшілікке қызықты контент жасау үшін мінсіз жағдайды немесе ауқымды оқиғаны күтудің қажеті жоқ.
«Контент жасауды күнделікті өмірдегі қарапайым бақылаулар мен шағын бастамалардан бастауға болады. Осындай дүниелердің өзі оқырманның қызығушылығын оятып, оны нақты әрекетке ынталандыруы мүмкін», – деп атап өтті блогер.
Кездесу барысында блогерлердің қала тұрғындары мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы кері байланысты қалыптастырудағы рөліне де ерекше назар аударылды.
«Бүгінде блог жүргізудің бағыттары сан алуан. Бірі өзекті мәселелерді көтерсе, енді бірі сын айтып, қоғам назарын өзгерісті қажет ететін жағдайларға аударады. Біздің міндетіміз – блогерлермен және тұрғындармен ашық байланыс орнату. Бұл оларды толғандырған мәселелер туралы жедел ақпарат алып, шешімін табу жолында бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – деді Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.
«Бостандық – тұрғындар көзімен» байқауы жарияланды
Оқу-ағарту бастамасының жалғасы ретінде әкімдік «Бостандық – тұрғындар көзімен» атты байқау жариялады. Байқаудың мақсаты – алматылықтарды аудан өмірі туралы жағымды әрі қоғамдық маңызы бар контент жасауға тарту, оның мүмкіндіктері мен жетістіктерін, күнделікті тыныс-тіршілігін тұрғындардың өз көзімен көрсету.
Әкімдік тұрғындарды Бостандық ауданын өздері жақсы көретін орындар, жайлы аулалар, көрікті көшелер, қызықты оқиғалар, жаңа қоғамдық кеңістіктер және ауданның ажарын ашып жүрген адамдар арқылы таныстыруға шақырады.
Байқауға қалай қатысуға болады?
1. Instagram немесе Threads желісінде Бостандық ауданының өмірі туралы пост, Reels немесе Stories жариялау.
2. Жарияланымға міндетті түрде #bostandyk және #bostandykalmaty хештегтерін қосу.
3. Бостандық ауданы әкімдігінің ресми парақшасын белгілеу.
Көпшілік қызығушылығын тудырып, ең көп қаралым жинаған бейнеролик авторларына демеушілер атынан бағалы сыйлықтар табысталады. Жеңімпаздар жарияланымдардың қаралымы мен жинаған лайк саны бойынша анықталады. Жүлделер қатарында iPhone 18 және екі iPhone 16 смартфоны бар.
Байқау бір аптаға созылады. Қорытындысы келесі жұмада, 27 қараша күні жарияланады.
Әкімдік барлық тұрғынды бастамаға қатысып, өз оқиғаларымен бөлісуге және Бостандық ауданын өз көзімен таныстыруға шақырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







