Көптеген адам ұйқыны жақсарту және күйзелісті жеңілдету үшін магний ішеді, ас қорытуды реттеу үшін псиллиум қабылдайды, ал куркуманы қабынуға қарсы табиғи құрал санайды. Дегенмен, дәрігердің бақылауынсыз және өз бетінше мұндай биологиялық белсенді қоспаларды шамадан тыс қолдану ағзаға күтпеген залал келтіруі мүмкін, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қалпына келтіру медицинасының маманы, невролог Алексей Маматовтың айтуынша, магний, псиллиум және куркума шынымен де пайдалы қасиеттерге ие, бірақ олардың төңірегінде асыра сілтелген жарнамалық уәделер өте көп. Салдарынан тұтынушылар олардың жанама әсерлерін жете бағаламайды.
«Көпшілік әр қоспаны денсаулықты жақсартудың әмбебап құралы ретінде қабылдайды: магнийді жүйке жүйесі үшін, псиллиумды ішек үшін, ал куркуманы қабынуды басу үшін ішеді. Алайда ағза жекелеген қоспалар принципімен жұмыс істемейді. Нәтиже адамның бастапқы жағдайына, тамақтануына, созылмалы ауруларына және алға қойған нақты міндетіне байланысты», – деп түсіндірді Алексей Маматов.
Магнийдің пайдасы мен артық мөлшерінің қаупі
Магний ағзадағы 300-ден астам ферменттік реакцияға қатысады. Бұл элемент бұлшықет пен жүйке жүйесінің қалыпты қызметі, энергия алмасуы, жүрек ырғағын сақтау және сүйек саулығы үшін қажет. Оны жаңғақтар, тұқымдар, бұршақ дақылдары, тұтас дәнді жармалар мен жасыл жапырақты көкөністер сияқты қарапайым тағамдардан алуға болады.
Маманның айтуынша, магний ұйқыны бірден реттейді, бұлшықет спазмын толық жояды немесе сергектік сыйлайды деген тұжырымдардың бәрі бірдей сенімді дәлелді базаға ие емес. Егер адам ағзасында микроэлемент тапшылығы нақты анықталса, оны толықтырған жөн. Ал көрсеткіш қалыпты болса, қосымша магний ішу ешқандай оң өзгеріс әкелмейді. Себебі аяқтың тартылуы, созылмалы шаршау немесе ұйқысыздық қалқанша безінің ауруларынан, анемиядан немесе күйзелістен де туындауы ықтимал.
Сонымен бірге дәрі-дәрмек немесе ББҚ түріндегі магнийдің артық мөлшері іш өту, жүрек айну және асқазан-ішек жолдарының ауырсынуына себеп болуы мүмкін. Әсіресе бүйрек қызметі бұзылған адамдарда бұл элементтің ағзада жинақталып қалу қаупі жоғарылайды.
Псиллиумды дұрыс ішпеу өңешті бітеп тастауы мүмкін
Псиллиум — ерігіш тағамдық талшықтарға бай жолжелкен (подорожник) тұқымының қабығы. Сумен жанасқанда ол гель тәрізді массаға айналып, ішектің ішінде көлемін ұлғайтады және нәжісті жұмсартуға көмектеседі. Сондықтан оны көбіне іш қату кезінде немесе тағамдық талшықтың көлемін арттыру үшін қолданады. Бұған қоса, ерігіш талшық холестерин мен глюкоза алмасуына оң әсер етуі мүмкін.
Алайда өндірушілер уәде еткендей, псиллиум адам ағзасын «шлактар мен токсиндерден» тазартпайды және ол сапалы тамақтанудың, яғни көкөніс, жеміс пен дәнді дақылдардың орнын баса алмайды. Ең басты қауіп оны ішу ережесін сақтамаудан туындайды.
Егер ұнтақты судың жеткілікті мөлшерінсіз ішсе, тым тез ісінетін талшықтар жұтынуды қиындатып, тіпті өңешті бітеп тастауы мүмкін. Сондай-ақ псиллиум белгілі бір дәрілердің сіңуін баяулатады, сондықтан оны дәрі қабылдау уақытымен қалай үйлестіру керектігін маманмен талқылаған абзал.
Куркума және бауырдың зақымдану қаупі
Куркума құрамында қабынуға қарсы және антиоксиданттық қасиеттерге ие куркумин заты бар. Ғылыми зерттеулер остеоартрит кезіндегі тізе буындарының ауырсынуы мен тартылуында куркуминнің белгілі бір пайдасы бар екенін көрсетті. Дегенмен, бұл дәмдеуішті немесе оның сығындысын созылмалы қабынуларды, бауыр мен жүрек-қан тамырлары ауруларын емдейтін әмбебап құрал деп санауға жеткілікті дерек жоқ.
«Медициналық практикада куркумин қоспаларын қабылдау салдарынан бауырдың зақымданғаны, тіпті жедел гепатит түрінде дамыған жағдайлар тіркелген. Мұндай қауіп биоқолжетімділігі жоғары қоспаларда, әсіресе куркуминнің сіңуін күшейтетін қара бұрыш құрамындағы пиперин қосылған өнімдерде жоғары болуы мүмкін», – деп ескертті дәрігер.
Маманның айтуынша, тағамға аздап қосылатын кәдімгі ас дәмдеуіші мен капсуладағы концентраттың әсерін шатастыруға болмайды. Егер аталған қоспаларды қабылдау кезінде әлсіздік, лоқсу, тәбеттің жоғалуы, оң жақ қабырға астының ауыруы, зәр түсінің күреңденуі немесе тері мен көз ағының сарғаюы байқалса, препаратты дереу тоқтатып, дәрігерге қаралған жөн. Әсіресе бауыр ауруы бар және тұрақты дәрі қабылдайтын азаматтарға барынша сақ болған дұрыс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







