Балтық теңізіндегі Фин шығанағында Ресейге тиесілі «Sparta II» жүк кемесі дрон шабуылына ұшырап, бортында өрт басталды. Соққыдан кейін жарамсыз күйге түскен кеме Финляндияның аумақтық суларына қарай ығысқан, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оқиға қалай болды?
Ресейлік ақпарат көздері мен Финляндияның қорғаныс ведомствосы таратқан мәліметке сүйенсек, жүк кемесі Санкт-Петербургтен анклав саналатын Калининград облысына бет алған. Шабуыл Ресейге қарасты Гогланд аралынан батысқа қарай, халықаралық су кеңістігінде тіркелді.
Алдын ала дерек бойынша, кемеге кемінде екі дрон соққы жасаған. Жарылыс салдарынан кеменің басқару бөлігінде және контейнерлер тиелген алаңда алапат өрт шықты. Борттағы 16 экипаж мүшесі құтқару қайықтары арқылы кемені шұғыл тастап шығып, жақын маңда жүрген өзге кемеге эвакуацияланды.
Финляндия шектеулер енгізіп, дайындықты күшейтті
Өртенген кеме ағыспен Финляндияның аумақтық суларына өтіп, ел жағалауынан шамамен 12 теңіз милі қашықтықта зәкір тастаған. Хельсинки жағдайға байланысты Фин шығанағының шығыс бөлігінде әуе және теңіз қозғалысына уақытша шектеу енгізді. Финляндияның Шекара қызметі аймақтағы өрт сөндіру мен құтқару жұмыстарын тікелей бақылауға алғанын мәлімдеді.
Финляндия премьер-министрі Петтери Орпо жағдайға қатысты ресми пікір білдіріп, қақтығыстың көршілес мемлекеттер шекарасына тікелей жақындағанын ескертті.
«Соғыс біздің тікелей іргедегі аймақтарымызға да жетіп отыр. Фин билігі Фин шығанағында ресейлік сауда кемесіне жасалған дрон шабуылына қатысты жағдайды қадағалап жатыр. Украинаның басқыншыға қарсы соққы беруге толық құқығы бар», – деп мәлімдеді ол.
Кеме несімен белгілі?
Финляндия Қарулы күштерінің өкілі Аки-Маури Хухтинен шабуылды Украина ұйымдастырған болуы мүмкін деген болжам жасады. Алайда ресми Киев бұл оқиғаға қатысты әзірге жауап берген жоқ.
Айта кетерлігі, «Sparta II» кемесі бұған дейін де Батыс назарына ілігіп, АҚШ пен Украинаның санкциялық тізіміне енгізілген болатын. Аталған жүк кемесі Ресейдің Қорғаныс министрлігіне логистикалық қызмет көрсететін «Оборонлогистика» компаниясымен байланысты деп танылған және бұған дейін Сириядан қару-жарақ тасымалдауға қатысы бар деген күдікке ілінген.
Сонымен қатар Финляндия жағалау күзеті құтқару жұмыстары кезінде ресейлік тікұшақтың Фин әуе кеңістігін қысқа мерзімге бұзған болуы мүмкін екенін тексеріп жатыр. Қазір Фин шығанағындағы навигациялық қауіпсіздік пен экологиялық ахуал халықаралық деңгейде қадағалануда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







