АҚШ қарулы күштері жауынгерлік дрондар өндірісіне озық технологияларды енгізу бағытында маңызды кезеңге қадам басты. Әскери зерттеу зертханасының (ARL) ғалымдары металдан жасалған бөлшектері 3D-принтерде басылып шыққан гибридті қозғалтқышы бар дронды алғаш рет сәтті сынақтан өткізді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сынақтан өткен VICTOR дронының ерекшелігі
Жаңа сынаққа тік көтеріліп, тік қонатын орташа көлемдегі VICTOR аппараты пайдаланылды. Ұшқышсыз ұшу жүйесінің корпусын жаңа қозғалтқыштың өлшемдері мен параметрлеріне сәйкестендіріп Griffon Aerospace компаниясы жасап шығарған.
Жобаның басты ерекшелігі – роторлы қозғалтқыштың 400 вольттық генератормен біріктірілген тізбекті гибридті жүйе құруында. Дронның қалақтарын іштен жанатын қозғалтқыш тікелей айналдырмайды. Ол генераторға қуат беріп, электр қозғалтқыштарын қамтамасыз етеді.
«Озық өндіріс тәсілдерін, соның ішінде металды 3D басып шығару технологиясын қолдану бізге сынақтар барысында анықталған деректерге сай қозғалтқыш бөлшектерін жедел өзгертуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде сұйықтықпен салқындату жүйесін қажет етпейтін, көлемі шағын ауамен салқындатылатын қозғалтқыш жасадық», – деді бағдарлама жетекшісі, доктор Чол-Бум Квон.
Ауыр отын және радиатордан арылу шешімі
Әскери сарапшылар бұл жобаның бірнеше жылға созылғанын және оған 30-дан астам университет атсалысқанын айтады. Бұған дейін дрондардың салмағын арттыратын негізгі кедергілердің бірі – салқындатқыш радиаторлар мен ауыр сұйықтықтар еді. Металл баспа бөлшектерінің арқасында қозғалтқыштан ауыр радиаторлар толықтай алынып тасталды.
Сонымен қатар жаңа агрегат әскери техникалар үшін стандарт саналатын ауыр авиациялық отынмен (JP-8) жұмыс істейді. Ауыр отынның тұтану температурасы жоғары болғандықтан, тасымалдау мен сақтау кезінде қауіпсіз, ұзақ уақыт бойы сапасын жоғалтпайды. Дегенмен оны шағын камерада тиімді жағу физикалық тұрғыдан аса күрделі процесс саналатын. Инженерлер цифрлық гидродинамикалық үлгілеу арқылы бұл кедергіні де еңсерді.
Майдандағы логистикалық түйткілдерге нүкте қойыла ма?
Зерттеушілердің пікірінше, бұл ғылыми жаңалық болашақта майдан даласындағы логистика жүктемесін едәуір жеңілдетеді. Ұшқышсыз аппараттар жоғары биіктікке көтеріліп, ауыр салмақтағы пайдалы жүкті бұрынғыдан да алыс қашықтыққа тасымалдай алады.
«Бағдарлама ғылыми жетістіктер арқылы дрондардың ұзағырақ әрі жылдамырақ ұшуына, жоғары биіктікке көтеріліп, ауыр жүк тасуына және күрделі ортада қызмет етуіне жол ашады. Мұндай мүмкіндіктер басқару шеңберін кеңейтіп, сарбаздар үшін қатерді азайтады», – деп нақтылады зерттеу бағдарламасының жетекшісі.
Әскери мамандар бұл тәжірибені енді өндірістік серіктестермен бірге дамытып, бір мезетте бірнеше дрон тобын бірлесіп басқару жүйесіне бейімдеуді жоспарлап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







