Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған жаңа баяндамада темекінің адамның балалы болу қабілетіне тигізетін залалы жан-жақты көрсетілді. Сарапшылардың есебінше, темекінің әрбір түтіні ерлер мен әйелдердің ата-ана атану мүмкіндігін тікелей төмендетеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұйым әзірлеген құжатқа сәйкес, темекі тартатын әйелдерде бедеулікке шалдығу қаупі 40 пайызға жоғары. Сонымен қатар темекі түтіні ер азаматтардың денсаулығына да үлкен қатер төндіреді. Зерттеу нәтижелері темекі шегетін ерлерде эректильді дисфункция мен эякуляция мәселелері жиі кездесетінін, шәует сапасы күрт төмендеп, сперматозоидтардың қозғалысы мен пішіні бұзылатынын дәлелдеді.
Мамандардың ескертуі
Ұйым өкілдері балалы болуды жоспарлаған кез келген жұпқа зиянды әдеттен дереу бас тартуды ұсынады. Темекіні ертерек тастау болашақ ұрпақтың саулығына тікелей оң ықпал етеді.
«Жүктілікті жоспарлап жүрген барлық адамға айтарымыз: темекіні тастаңыздар, денсаулығыңызды және репродуктивті қабілетіңізді жақсартыңыздар», – деді ДДСҰ-ның Темекіге қарсы бастамасының маманы Керстин Шотте.
Халықаралық анықтама бойынша, 12 ай немесе одан да көп уақыт бойы сақтанбай жақындасқаннан кейін жүктіліктің болмауы бедеулік деп бағаланады. Сарапшылар әлемнің әр түкпірінен жиналған ондаған жылдық деректерді талдап, тіпті темекінің түтінін жай ғана жұтудың (пассивті темекі шегу) өзі бала көтеру ықтималдығын төмендететінін нақтылады.
ЭКҰ нәтижесіне әсері және электронды темекі қатері
Репродуктивті технологиялардың көмегіне жүгінген ерлі-зайыптылар үшін де темекі түтіні айтарлықтай кедергі келтіреді. Ғалымдар 21 зерттеудің қорытындысын сараптап, жұптың біреуі темекі шеккен кезде экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) нәтижесі күрт нашарлайтынын анықтады.
Зерттеу қорытындысы бойынша, ерлі-зайыптының біреуі темекі шеккен жағдайда, ЭКҰ арқылы сәтті жүкті болып, тірі сәбиді дүниеге әкелу көрсеткіші екі есеге дейін төмендейді.
Қауіп тек дәстүрлі темекімен шектелмейді. Қазіргі таңда электронды темекі, вейп, кальян және түтінсіз темекі түрлерінің де репродуктивті жүйеге залалы бар екенін көрсететін дәлелдер көбейіп келеді. ДДСҰ дәрігерлерге науқастармен ашық сөйлесіп, зиянды әдетті тастаудың ғылыми негізделген тәсілдерін ұсынуды міндеттейді.
Деректерге сүйенсек, темекіні тоқтатқан әйелдерде бедеулік қаупі шылым шегуді жалғастыратындармен салыстырғанда 25 пайызға төмендейді. Сондықтан мамандар денсаулықты түзеуге ешқашан кеш емес екенін еске салады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







