Шымкентте Францияға Шенген визасын рәсімдеуге арналған уақытша құжат қабылдау пункті жұмысын бастады. Жаңа қызмет оңтүстік өңір тұрғындарының Еуропаға сапарын жеңілдетіп, қаладағы туризм мен креативті индустрияның дамуына серпін береді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұған дейін Францияға баруды жоспарлаған азаматтар өтініш тапсырып, биометриялық мәлімет өткізу үшін Астана немесе Алматы қаласына баруға мәжбүр еді. Енді қажетті рәсімдерді Шымкенттен өтуге болады. Бұл жол шығынын азайтып, туристік және іскерлік сапарды жоспарлауды жеңілдетеді.
Пункт Францияның Қазақстандағы елшілігі мен Шымкент әкімдігі арасындағы келісім негізінде ашылды. Құжат қабылдау және биометриялық мәлімет жинау VFS Global визалық операторының мобильді жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділханов жаңа қызмет Шымкентпен қатар, бүкіл оңтүстік өңір тұрғындары үшін тиімді екенін айтты. Оның сөзінше, Францияға сапарлау мүмкіндігінің кеңеюі халықаралық байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Визалық пункт күн сайын жұмыс істемейді. Құжаттар арнайы көшпелі сессиялар кестесі бойынша қабылданады. Сұраныс төмен уақытта айына бір рет, ал наурыз бен шілде аралығындағы туристік маусымда айына екі рет қабылдау ұйымдастыру жоспарланған.
Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сильван Гиоге өтініш берушілердің алдын ала тіркелуі қажет екенін түсіндірді. Қабылдау күндері мен бос уақыт VFS Global сайтында жарияланады. France-Visas платформасында өтініш толтырған кезде құжат тапсыратын орын ретінде Астана көрсетіледі, ал қабылдауға жазылу барысында Шымкенттегі уақытша пунктке арналған аралық таңдалады.
Франциямен қатынастың қолжетімді болуы Шымкенттегі туроператорлар, гидтер, дизайнерлер, суретшілер мен мәдени жоба авторларына жаңа байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Туристік алмасу күшейген сайын көрме, фестиваль, шығармашылық сапар және бірлескен жоба саны да артуы ықтимал.
Уақытша визалық пункт Шымкенттің халықаралық бағыттарға ашық қала ретіндегі мәртебесін нығайтып, туризм мен креативті экономиканың өзара дамуына жол ашады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







