«Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Уральская неделя» ақпараттық порталында 12 қарашада жарияланған басқарма мүшелерінің сыйақысы туралы материалды жоққа шығарды. Корпорация басқарма төрағасының орынбасары Ф. Жолбаев қол қойған ресми жауапта жарияланымдағы 30 миллион теңге сомасының мәні бұрмаланғаны айтылып, заң аясында теріске шығару талабы қойылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
30 миллион теңге сыйақы емес: сома қалай түзілді?
Ақпараттық дауға «Уральская неделя» порталының 2026 жылғы 12 қарашадағы «Aqjaiyq ӘКК басқармасының бес мүшесі 2025 жылдың қорытындысы бойынша өздеріне 30 миллион теңгеден сыйақы төледі» деген мақаласы түрткі болған. Корпорацияның түсіндіруінше, аталған жарияланым оқырмандарды жаңылыстырып, төлемдердің нақты сипатын дұрыс көрсетпеген.
Ресми анықтамада баяндалғандай, 30 миллион теңге шамасындағы қаражат — басқарма мүшелеріне жыл қорытындысымен біржолғы берілген таза сыйақы емес. Аталған сома тиісті кезеңдегі барлық есептелген төлемдер мен міндетті аударымдардың жиынтық көлемін білдіреді.
Оның құрамына мыналар кіреді:
- негізгі жалақы мен сыйақы төлемдері;
- еңбек демалысы мен уақытша еңбекке жарамсыздық ақысы;
- іссапар шығындары;
- әлеуметтік пакет пен медициналық сақтандыру төлемдері;
- салықтар мен өзге де міндетті бюджеттік аударымдар.
Корпорация өкілдері жалақы мен өзге де төлемдерді басқарма мүшелері өз бетінше белгілемейтінін қадап айтты. Барлық есептеулер еңбек заңнамасына, ішкі нормативтік құжаттарға және уәкілетті басқару органдарының шешімдеріне сәйкес жүргізіледі.
Түсім 54,6 пайызға өсті: корпорацияның 2025 жылғы қаржылық көрсеткіштері
«Aqjaiyq» ӘКК басшылығы мекеменің жұмысын тек бір көрсеткішпен емес, кешенді түрде — қаржылық нәтижелер, бюджетке түскен салықтар мен іске асқан жобалар арқылы бағалау қажеттігін алға тартады. 2025 жылғы шоғырландырылған қаржылық есептілікке сәйкес, корпорация оң нәтижені сақтап, 16,1 миллион теңге таза пайда тапқан.
Сонымен қатар негізгі қаржылық көрсеткіштер айтарлықтай өскен:
- түсім 789,9 миллион теңгеден 1,22 миллиард теңгеге жетіп, 54,6 пайызға артты;
- жалпы пайда 317 миллионнан 367,1 миллион теңгеге дейін немесе 15,8 пайызға ұлғайды;
- 2025 жылы бюджетке 216,75 миллион теңге салық төленіп, салықтық аударымдар екі есеге жуық өсті.
Корпорация таза пайданың 2024 жылмен салыстырғанда неліктен аздау көрінетінін де нақты сандармен түсіндірді. 2024 жылы есептілікте активтерді өткізу және бұрынғы резервтерді қалпына келтіру секілді біржолғы бухгалтерлік операциялардан түскен кірістер болған, ал 2025 жылы мұндай түсімдер қайталанбаған (айырмашылық шамамен 328,7 миллион теңге). Бұған қоса, бухгалтерлік есептегі пайда салығы факторы (2024 жылғы 81 миллион теңгелік кіріс орнына 2025 жылы 5,9 миллион теңге шығыс) салыстырмалы нәтижені 86,9 миллион теңгеге азайтқан.
Сонымен бірге 2025 жылы несие портфелі 30 миллиард теңгеден асып, корпорация тарихындағы ең жоғары деңгейге жеткен. Жалпы сомасы 13,6 миллиард теңгеге 328 қарыз алушыға (оның ішінде 61 кооперативке) несие беріліп, жобаларды бақылауға арналған іссапарлар мен қосымша қызметкерлер тарту, инвестициялық форумдар өткізу және жалақыны индекстеу әкімшілік шығындардың артуына әсер еткен.
Аймақ экономикасына қосқан үлес пен заңды талап
Батыс Қазақстан облысының экономикалық дамуына бағытталған корпорация коммерциялық пайдамен қатар қоғамдық маңызы бар міндеттерді де атқарады. 2025 жылдың қорытындысымен өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, білім және спорт салаларындағы инвестициялық жобалар аясында 20 миллиард теңгеге жуық қаражат тартылған. Соның ішінде 7,8 миллиард теңгенің алты жобасы аяқталып, 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды.
ҚР «Масс-медиа туралы» Заңының 38-бабы 3-тармағына сәйкес, БАҚ арқылы құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірілген заңды тұлға дәл сол басылымда өз жауабын тегін жариялатуға құқылы. Сол негізде корпорация редакциядан белгіленген мерзімде ресми жауапты жариялап, бұрынғы материалға тиісті түзетулер енгізуді талап етті.
Осындай нақты дәйектерді келтірген «Aqjaiyq» ӘКК «Журналистская инициатива» ЖШС басшысы Т.А. Еслямоваға ресми хат жолдап, заң талабын еске салды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







