Белгілі қаржы сарапшысы Алмас Шөкин өзінің жаңа материалында соңғы күндері әлемдік ірі цифрлық жүйелерде, АҚШ-тың авиация, банк секторы мен Ұлттық қауіпсіздік агенттігінде (NSA) болған іркілістер тізбегін талдады. Автор аталған ақаулардың кездейсоқтық емес, сыртқы кибершабуыл немесе жасанды интеллект кодымен байланысты жүйелі дағдарыстың бастауы болуы мүмкін екенін ортаға салады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алмас Шөкин сөзін желіде 17 қарашада хакерлер ірі жүйелерді құлатуы мүмкін деген қауесеттерден бастап, соңғы күндері негізгі ойыншылардың басынан өткен ауыр техникалық ақауларға, соның ішінде АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік агенттігі (NSA) ішкі желісінің істен шығуына назар аударады.
Автор NSA-ның АҚШ барлау жүйесіндегі рөлін еске салады: аталған құрылым электрондық барлауға жауап береді, үкімет мүддесі үшін әлем бойынша кез келген сигналды бақылап, ұстап отырады және Әділет министрлігінің келісімімен кез келген америкалық компанияға міндетті ордер шығара алады. Сондықтан дәл осындай қорғалған мекеменің ішкі арнасының тоқтауы сарапшыда бірқатар күмән тудырған.
«Бір қарағанда, мұндай жайт кездесіп тұрады, ішкі арнасын қалпына келтірер деуге болар. Бірақ сұрақтар туындайды: егер оқиға ішкі ақау емес, сыртқы ойыншылардың әрекеті болса ше? Егер сырттан келсе, олар желі ішінде қанша уақыт отырды және нені жазып алды? Осы уақыт аралығында жүйенің қай жеріне дейін кіріп, ішінде тағы қандай жасырын тетіктер қалдырды?» – деп жазды Алмас Шөкин.
Тайвань төңірегіндегі қауіп және жасанды интеллект коды
Мақала авторы CNN телеарнасында айтылған пікірлердің бірін де келтіреді. Онда АҚШ-тың тым салғырт қимылдағаны соншалық, Қытай тарапы аса маңызды жүйелердің барлығына дерлік еніп кеткен болуы мүмкін деген болжам айтылған. Әзірге олардың мақсаты — «Х күніне», яғни Тайвань үшін болуы ықтимал соғысқа бапталған триггерді күту: дәл сол сәтте жасырын «ұйықтап жатқан» кодтар іске қосылып, көлік пен энергетика бастаған бүкіл инфрақұрылым істен шығуы мүмкін.
Шөкиннің назар аудартқан тағы бір қауіпті жайты — бүгінде бағдарламалық кодтың едәуір бөлігін жасанды интеллект (ЖИ) жазатыны. Егер жүйе күйрей қалса, мамандар нақты нені және қалай қалпына келтіру керегін түсіне алмай қалуы ықтимал.
Бірінен соң бірі тоқтаған алпауыттар: кездейсоқтық па?
Қаржы сарапшысы соңғы күндері болған ірі іркілістердің хронологиясын тізбектеп шығады:
бейсенбіде әлемнің жартысы Microsoft Office қызметіне кіре алмай қалды;
келесі күні АҚШ Азаматтық авиация басқармасының бүкіл әуе қатынасы навигациясы істен шықты;
12 000 ірі компанияның кадр мен жалақы есебін жүргізетін Workday платформасы тоқтады;
дүйсенбіде АҚШ-тың ең ірі банкі Chase уақытша жұмысын тоқтатып, United әуе компаниясының рейстері кідірді;
соңынан NSA желісі істен шықты.
Алмас Шөкиннің түйіндеуінше, әр жердегі ақау әртүрлі көрініс тапқанымен, олардың басын біріктіретін ортақ бір түйткіл бар: басшылық мұның неліктен болғанын түсінбей отыр. Мәселен, Workday өкілдері резервтік көшіру жүйесі кенеттен негізгі серверге кіріп кеткенін айтса, авиацияда роутерлер шамадан тыс жүктеліп істен шыққан. Сарапшы не болып жатқаны көзге көрініп тұрғанымен, оның түпкі себебін ешкім білмей отырғанын айтып, ойын қорытады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







