Жамбыл облысында кәмелетке толмағандардың қатысуымен түсіріліп, әлеуметтік желілерде тараған әдепсіз бейнежазбаға байланысты полиция бірден екі қылмыстық іс қозғады. Өңірлік полиция департаментінің хабарлауынша, жасөспірімдердің жеке басы анықталып, олар профилактикалық есепке алынды, ал ата-аналары бала тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тараздағы түнгі оқиға және екі қылмыстық іс
Алғаш болып HALYQSTAN Telegram-арнасы хабарлаған, кейін Stan.kz, Kursiv.media және Shyndyk.kz басылымдары жазған деректерге қарағанда, желіде тараған бейнежазбаның ұзақтығы шамамен 14 минутты құрайды. Онда Тараз қаласындағы мектептердің бірінде оқитын жасөспірімдер бейнеленген. Мәліметтерге сүйенсек, түсірілім түнгі уақытта, оқу орнынан тыс жерде, шағын күркеге ұқсас ғимараттың ішінде болған.
Оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызған соң, Жамбыл облысының Полиция департаменті қос бағытта тергеу бастады: бірінші қылмыстық іс бейнежазбадағы жайттардың мән-жайын анықтауға бағытталса, екінші іс роликті әлеуметтік желілерде заңсыз тарату фактісі бойынша қозғалды. Полиция кәмелетке толмағандарды ата-аналарымен бірге бөлімшеге жеткізіп, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, сондай-ақ порнографиялық материалдар мен өзге де құқыққа қайшы контентті таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертті. Сонымен қатар облыстық Білім басқармасы мен Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептерді жою жөнінде ресми ұсынулар жолданды.
Істің барысын Жамбыл облысының бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Дәурен Бағжанов та растап, арнайы жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеді.
«Жамбыл облысында кәмелетке толмағандардың заңға қайшы әрекеттері түсірілген видеоның таралуына қатысты барлық қатысушы анықталды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Арнайы жұмыс тобы құрылды. Жамбыл облысының бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі мен тиісті басқарма бұл істі бақылауға алды», – деп жазды Дәурен Бағжанов.
Түнгі рейдтер мен «қағаздағы профилактика» мәселесі
Осы оқыс жайт өңірдегі жасөспірімдер арасындағы тәртіп пен ата-ана бақылауына қатысты жүйелі түйткілдерді тағы да алға тартты. Назар аударарлығы, дәл 25 қарашада Жамбыл облысының полицейлері «Жасөспірім» жедел-профилактикалық шарасының алғашқы тәулігінде-ақ бөлімшелерге 114 жасөспірімді жеткізіп, 119 әкімшілік құқық бұзушылықты (соның 78-і түнгі уақытта балалардың үйден тыс жерде жүруі) тіркегенін хабарлаған еді. Бұған дейін, 9–10 қарашадағы рейдтерде де 146 жасөспірімнің түнде ересектерсіз жүргені анықталған.
Kursiv.media атап өткендей, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі балаларды қорғау жұмыстарын төрт өңірде, соның ішінде Жамбыл облысында тексеріп, ІІМ-мен бірлесе тәуекелдерді ерте анықтау мен жасөспірімдермен жеке жұмыс жүйесін жаңартып жатқанын хабарлаған. Ал қарашаның басында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдегі жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі штаб отырысында формалды есеп беру тәсілін қатаң сынаған еді.
«Ашық сабақтар өтті. Тренингтер өтті. Сауалнамалар алынды. Рейдтер жүрді. Ал нәтижелер қайда?! Қағаз жүзінде бәрі тамаша, ал шын мәнінде қайғылы жағдайлар орын алып жатыр. Ашығын айту керек, қағаздағы профилактика баланы құтқармайды», – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.
Ата-ана жауапкершілігі және цифрлық қауіпсіздік
Stan.kz назар аударғандай, желіге тараған 14 минуттық видеода жасөспірімдердің өзара сөйлесуі мен сақтану құралдарын қолданбауы олардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне төнетін қатерден бөлек, отбасы мен мектептегі тәрбие, жыныстық және құқықтық сауат деңгейіне қатысты өткір сұрақтар тудырады.
Қазіргі таңда полиция тарапынан тергеу жалғасып жатыр, ал оқиғаның барлық мән-жайына құқықтық баға берілмек. Тек бейнежазбаны таратқандарды жазалау немесе ата-аналарға айыппұл салумен шектелмей, жасөспірімдердің түнгі уақыттағы бос уақытын бақылау мен олардың мінез-құлқындағы тәуекелдерді ерте кезеңде анықтау жұмыстары формалды есептен нақты нәтижеге көшуі тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







