Жамбыл облысында әлеуметтік желілерде тараған жасөспірімдердің әдепсіз бейнежазбасына байланысты полиция екі бірдей қылмыстық іс қозғап, тергеу бастады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Полиция қызметкерлері желіде резонанс тудырған бейнежазбадағы барлық кәмелетке толмағандардың кім екенін анықтады. Олар ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізіліп, жасөспірімдердің қатысуымен тиісті тергеу амалдары жүргізілуде. Құқық қорғау органдары оқиғаның өзі бойынша ғана емес, аталған бейнежазбаны ғаламторға жүктеп, жаппай таратқандарға қатысты да жеке қылмыстық іс қозғады.
Ата-аналар жауапкершілігі және есепке қою
Заңға қайшы әрекетке жол берген кәмелетке толмағандар полицияның профилактикалық есебіне алынды. Ал олардың ата-аналары бала тәрбиесі мен күтіміне қатысты міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін заң алдында жауапқа тартылды.
Сонымен қатар полиция жергілікті Білім басқармасы мен Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның атына арнайы ұсыныс енгізді. Құжатта жасөспірімдердің түн мезгілінде қараусыз жүруіне және осындай келеңсіз оқиғаларға жол берген себептерді жою талап етілген.
Бала құқықтары уәкілінің араласуы
Оқиға бойынша құзырлы органдардан жасақталған арнайы жұмыс тобы құрылды. Жамбыл облысының бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Дәурен Бағжанов жағдайды жергілікті тиісті басқармамен бірлесіп жеке бақылауына алғанын мәлімдеді.
Өңірлік уәкіл әлеуметтік желідегі жазбасында барлық қатысушының анықталғанын және тергеу барысы қатаң қадағаланатынын жеткізді.
«Жамбыл облысында кәмелетке толмағандардың заңға қайшы әрекеттері түсірілген видеоның таралуына қатысты барлық қатысушы анықталды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Арнайы жұмыс тобы құрылды. Жамбыл облысының бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі мен тиісті басқарма бұл істі бақылауға алды», – деп жазды Дәурен Бағжанов.
Полиция қазіргі уақытта жағдайдың толық мән-жайын нақтылап, оған құқықтық баға беру жұмыстарын жалғастыруда. Сондай-ақ тәртіп сақшылары порнографиялық сипаттағы материалдар мен заңға қайшы кез келген контентті желіге салу және тарату үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







