Семейде «Әбіл» фильмінің прокаты тоқтап қалғанына қынжылған актер, дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай бір күн бұрын әлемжеліде ашынып жазба жариялаған еді. Бүгін сол мәселе Абай облысының әкімі Берік Уәлидің назарына жетіп, қала кинотеатрлары көрерменге қайта есік ашты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Фильмде басты рөлді сомдаған Ерлан Төлеутай осы тұста облыс әкімінің шұғыл әрекетіне ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, Берік Уәли жағдайды естіген бойда кинотеатрларға тапсырма беріп, «Әбілдің» Семейдегі көрсетілімін қайта жандандыруға ықпал еткен.
«Халық ағылып жатыр дейді. Ақжолтай хабар мені қатты толқытты. Әзірге бірде-бір әкім бүйте алған жоқ еді. Бәрі бірдеңе күтіп отырғандай, тым-тырыс отырған жоқ па? Ал Берік Уәлиұлы болған жағдай құлағына жеткен бетте бірден пәрмен берген. Әр облыс басшысы сөйтсе керек еді», — деп жазды ол.
Ерлан Төлеутай өз әсерін тарихи бір оқиғамен сабақтастырды. Оның айтуынша, 1928 жылы Бетпақтың шөлінде Совет үкіметінен бой тасалап жүрген Иманжүсіп Құтпанұлын Сәкен Сейфуллин іздеп барған. Кейін осы сапар туралы жазушы, журналист Жұмабай Орманбаев естелік қалдырған. Сол естелікте Иманжүсіптің Қызылордадан келген Сәкенге қуанып, «Азаматым-ай, азаматым-ай!» деп айналып-толғанғаны айтылады.
Актер осы мысалды Берік Уәлиге қатысты айтып, облыс әкімінің әрекетін азаматтық деп бағалады.
«Сол айтқандай, Берік бауырымды “Азаматым-ай!” деп айналып, толғанып мен отырмын. Өйткені әлемнен әлей жүлде алып келген “Әбілді” қайтсем де халыққа көрсетемін деп жан алысып, жан берісіп жатқанымды әлеужелі біткенде күлліңіз көріп отырсыздар. Негізі ың-шыңсыз көрсете салатын кино ғой», — деді ол.
Төлеутайдың сөзінше, «Әбілдің» дәл Абай елінде тоқтап қалғаны оған ауыр тиген. Себебі Семей өңірі ұзақ жылдар бойы облыс мәртебесінен айырылып, кейін қайта еңсе тіктеген өңір. Ол сол аймақта ұлттық рухтағы, тарихи салмағы бар фильмнің көрерменге жетпей қалуын көңілге қаяу түсірген жағдай деп қабылдаған.
«Енді міне, Абай облысының әкімі Берік Уәлиұлының пәрменімен Семей кинотеатрлары қайтадан ел-жұртқа есігін айқара ашыпты! Бәрекелді, Беке!», — деп жазды Төлеутай.
Бұдан бөлек…
Ерлан Төлеутай былтыр Абайдың 180 жылдығы Семей мен Қарауылда жоғары деңгейде өткенін де еске алды. Сол кезде де облыс әкімінің еңбегін атап, желіде ризалы жазба жариялағанын айтты.
Айтуынша, жақсы істі көре білу де, әділетсіздікке дабыл қағу да қоғам үшін қажет. Ол өз сынының астарында жеке өкпе емес, елде заң мен тәртіп, әділет пен ашықтық орнықса деген ниет жатқанын жеткізді.
«Біз де жақсылықты көре аламыз, дегенмен жамандықты бірінші көреміз, көріп қана қоймай, дабыл қағамыз. Онымыз мемлекетімізде заң мен тәртіп және демократия салтанат құрсын, елімізде әділетсіздік пен жемқорлық орын алмасын деген оң ниет қана», — деді Ерлан Төлеутай.
Жазба соңында актер Абай елі «Әбілді» көріп, рухани олжаға кенелсін деген тілегін білдірді. Сондай-ақ Берік Уәлидің осы қадамы өзге облыс әкімдеріне үлгі болса деген ойын айтты.
«Осы ісіңіз еліміздің барлық облысының әкімдеріне жұғысты әрі үлгі болғай! Осы мемлекетшілдік ұстанымыңыздан танбаңыз, мерейіңіз әмәнда үстем, абыройыңыз қашанда биік болсын, Берік бауырым!», — деп түйіндеді Төлеутай.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







