Қазақстанның жаңа Конституциясы ғылым мен жоғары білімді дамытудың стратегиялық бағытын жаңа деңгейге көтерді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа Ата заңның күшіне енуі ел тарихындағы маңызды кезең саналады. Құжатта адам капиталын дамыту, білім беру жүйесін жетілдіру, ғылымды қолдау және серпінді инновацияларды ілгерілету басымдықтары ең жоғары құқықтық деңгейде бекітілді.
Бұл өзгеріс Қазақстанның болашақ даму бағдары адамға, оның біліміне, кәсіби құзыретіне және зияткерлік әлеуетіне сүйенетінін көрсетеді. Яғни елдің бәсекеге қабілеті табиғи ресурсқа ғана емес, білімді азаматқа, ғылымға және жаңа технологияны меңгеру қабілетіне байланысты болады.
Отандық ғылым мен жоғары білім саласы үшін бұл жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Ендігі міндет сапалы кадр даярлау, заманауи ғылыми-зерттеу ортасын қалыптастыру және инновацияны экономикаға енгізетін толыққанды экожүйе құру болмақ.
Мемлекет тарихында алғаш рет білім экономикасына көшуге бағытталған стратегиялық міндеттер осындай берік құқықтық негізге ие болды. Жаһандық технологиялық сын-қатер күшейген қазіргі кезеңде білім сапасы мен болашақ технологияларын тез игеру қабілеті ел қуатының маңызды өлшеміне айналды.
Бұл конституциялық қағидаттар нақты заңнамалық шешімдер арқылы іске асырыла бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым, ғылымды қажетсінетін аумақтар, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды.
Қазақстанның жаңа даму формуласы
Құжат ғылыми-білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар ғылыми әлеуетті күшейту, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды қолдау және жоғары білікті кадрлар даярлау міндеттері қамтылған.
Соңғы жылдары жоғары білім алуға қолжетімділік те кеңейіп келеді. Бес жыл ішінде мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі бір жарым еседен астам өсті. Бакалавриат бағдарламалары бойынша мемлекеттік грант саны 2019 жылғы 51 023-тен 2025 жылы 77 084-ке дейін артты.
Халықаралық академиялық ортаны дамыту жұмысы да қарқын алды. Бүгінде Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші білім беру орталығына айналып келеді. Елде 32 шетелдік жоғары оқу орны мен олардың филиалдары жұмыс істейді.
Мұндай әріптестік үздік халықаралық тәжірибені енгізуге жол ашады. Академиялық ұтқырлықты дамытады. Мамандар даярлау сапасын арттырады. Сонымен қатар қазақстандық студенттерге әлемдік деңгейдегі білімге өз елінде қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Отандық жоғары оқу орындарының базасында академиялық және ғылыми-зерттеу артықшылық орталықтары құрылып жатыр. Қазір мұндай орталықтар 11 университетте қалыптасты. Олар экология, су ресурстары, энергетикалық қауіпсіздік, тау-кен металлургиясы, биотехнология және агроөнеркәсіптік кешен сияқты басым бағыттарды қамтиды.
Жаңа Конституция ашық академиялық орта қалыптастыруға да ықпал етеді. Ол халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге, озық тәжірибе алмасуды жеделдетуге және қазақстандық ғылымның жаһандық ғылыми кеңістікке кірігуіне жаңа мүмкіндік береді.
Ендігі басты мақсат, осы құқықтық негізді нақты нәтижеге айналдыру. Ғылым мен жоғары білім ел экономикасының тірегіне айналғанда ғана Қазақстан білім экономикасына толық қадам басады. Жаңа Конституция осы жолдағы саяси және құқықтық бағдарды айқындап берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







