Қазақстанда азаматтардың ақшасына төнген қауіп сейілген жоқ. Қылмыскерлер жасанды интеллект, дипфейк, қашықтан басқару, жалған инвестплатформа және дропперлік шоттарды бір тізбекке біріктіре бастаған. Мемлекет те қорғаныстың салмағын азаматтың қырағылығынан банк, байланыс операторы мен полицияның ортақ жауапкершілігіне қарай бұрып келеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйенсек 2026 жылдың алғашқы жеті айында елімізде 13,1 мың интернет-алаяқтық тіркелген екен. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда қылмыс саны 10 пайызға азайған. Соған қарамастан, тіркелген алаяқтық деректерінің 57%-ы интернет арқылы жасалған қылмыстарға қатысты.
Байланыс операторлары алаяқтық белгісі бар 150 миллион қоңырауды бұғаттаған. Есептесек, бұл бір айда орта есеппен 25 миллион күмәнді қоңырау деген сөз.
Басқаша айтқанда, алаяқтық саны біршама азайғанымен, қылмыскерлердің цифрлық кеңістікке көшуі жалғасып жатыр. Қазір еліміздегі барлық тіркелген қылмыстың шамамен әр бесіншісі интернет-алаяқтыққа тиесілі.
Қоңырау, фишинг және жалған сауда
Қаржыгер Айбар Олжайдың айтуынша, қазақстандықтар жиі кездесетін 5 негізгі қауіп бар. Бірінші орында банк немесе мем.орган атынан жасалатын жалған қоңырау. Одан кейін фишингтік сілтеме, жалған қызмет хабарландыруы, интернет-дүкендегі алдау және азаматтың атына онлайн-қарыз рәсімдеу шыққан.
7 ай ішінде банк атынан жіберілген жалған SMS пен қоңырауға қатысты 2,9 мың оқиға тіркеліпті. Фишингтік сайт, зиянды сілтеме, электронды пошта мен мобильді қолданба арқылы жасалған қылмыс саны 2,7 мыңға жуықтаған.
Тағы 2,6 мың оқиға жалған қызмет көрсету хабарландыруымен байланысты. Онлайн-сауда кезінде 1,9 мың адам алданып, 1,3 мың жағдайда интернет арқылы заңсыз кредит рәсімделген.
Осының өзінен-ақ цифрлық ұрлықтың күрделеніп кеткенін көреміз. Бір қылмыста бірнеше тәсіл қатар қолданылуы мүмкін. Алдымен азаматқа байланыс операторы атынан хабарласады. Кейін әңгімені «банк қызметкері» жалғастырады. Соңында өзін полиция немесе Ұлттық банк өкілі ретінде таныстырған адам ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етеді.
«Иә, қылмыскерлер адамның аты-жөнін, ЖСН-ін, жұмыс орнын немесе отбасы мүшелері туралы мәліметті алдын ала біліп отыруы мүмкін. Алайда жеке деректің бір бөлігін білу әлгі адамның шынымен банкке немесе мем.органға қатысы бар екенін білдірмейді. Көпшілік осы жерде жаңылысады», — дейді осы тұста Айбар Олжай.
Қазақстан антифрод жүйесін қалай күшейтуде?
Елімізде қаржы алаяқтығына қарсы күрестің негізгі орталығы ретінде Ұлттық банктің Антифрод-орталығы жұмыс істейді. Жүйе банктерді, микроқаржы ұйымдарын, төлем ұйымдарын, байланыс операторларын және құқық қорғау органдарын бір ақпараттық кеңістікке біріктіреді.
Бір банктен шыққан күмәнді аударым басқа банктегі дропперлік шотқа түскенде, жүйе деректі жедел таратып, қаражатты әрі қарай әкетуге тосқауыл қояды. Бұрын қалай еді? Бұрын әр банк күмәнді операцияны тек өз жүйесінің ішінде көретін. Ақша басқа банкке өтіп кеткенде ақпарат алмасуға біршама уақыт кететін.
2026 жылдың басындағы мәлімет бойынша Антифрод-орталықта алаяқтық белгісі бар 80 мыңнан астам транзакциялық оқиға тіркелген. Жүйенің көмегімен 2,8 млрд теңге дер кезінде бұғатталып, жарты миллиард теңгеден астам қаражат жәбірленушілерге қайтарылған екен.
Айбар Олжайдың атап өткеніндей, әзір Антифрод-орталықта күмәнді карталар мен электронды әмияндардың бірыңғай базасы қалыптасып жатыр. Алаяқтық белгісі бар операцияны тоқтату мерзімі 3 күннен 5 жұмыс күніне дейін ұзартылған. Бұғатталған қаражатты қайтару үшін бұрын міндетті болған сот шешімінің орнына тергеу органының прокурормен келісілген хабарламасы жеткілікті.
ForteBank 579 млн теңгені қорғап қалды
Банктер де ішкі мониторинг пен клиентті ескерту тетіктерін, қалыптан тыс белсенділікті анықтайтын ішкі антифрод сүзгілерін күшейтіп келеді. Мәселен, ForteBank басқарма өкілдерінің айтуынша, 2026 жылдың қаңтар-шілде айында банк жүйесі 2,5 мыңнан астам күмәнді операцияны анықтаған.
Осының арқасында 579 млн теңгеден аса қаражаттың ұрлануына жол берілмеді. Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылдың сәйкес кезеңінде қорғалған қаражат көлемі 332 млн теңге болған.
Көрсеткіштің өсуі тек алаяқтар белсенділігінің артуын білдірмейді. Банктің күмәнді операцияны анықтау мүмкіндігі де күшейген. Антифрод жүйесі аударымның сомасымен шектелмей, клиенттің банк қосымшасындағы әрекетін тұтас бағалайды.
«Қазір әлеуметтік инженерия күшейді. Алаяқтар жүйені бұзбайды, адамды өздеріне қажет әрекетті жасауға көндіреді», – дейді ForteBank АҚ сарапшылары.
Жүйе құрылғының ауысуына, клиенттің орналасқан жеріне, жаңа алушыға, аударым сомасына және әрекет реттілігіне назар аударады. Телефонда қашықтан басқаруға арналған бағдарлама болса немесе клиентке тән емес әрекет байқалса, операция қосымша тексеруге жіберілуі мүмкін.
ForteBank өз клиенттеріне банк атынан шалынған қоңырауларға сенбеуді, SMS-код пен карта дерегін жарияламауды және күмән туғанда әңгімені үзіп, банктің 7575 ресми нөміріне хабарласуды ескертеді.
Ақша бірнеше минутта жоғалады
Антифрод жүйесінің алдында тұрған күрделі мәселенің бірі дропперлік шоттар. Дроппер өзінің банк картасын, шотын немесе мобильді банкингіне кіретін деректі бөтен адамға береді. Алаяқтар ұрланған ақшаны осындай шоттар арқылы бөліп, ізін жасырады.
ForteBank мамандарының айтуынша, бір шотқа түскен қаражат бірнеше минуттың ішінде басқа есепшоттарға бөлініп кетеді екен. Ақшаның қозғалысы ұзарған сайын оны тоқтату мен қайтару қиындай түседі. Сондықтан банктер, байланыс операторлары және құқық қорғау органдары арасындағы ақпарат алмасу барынша жылдам болуы қажет.
Қазақстанда 2025 жылғы қыркүйектен бастап дропперлік үшін жеке қылмыстық жауапкершілік енгізілген. Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша бөтен адамға шотын беру, өзгенің картасын пайдалану немесе ақша аударуға делдал болу жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкелуі мүмкін.
2026 жылы аталған бап бойынша 700-ден астам қылмыстық іс тіркелген. Кейінгі бес айда дропперлер арқылы азаматтардан ұрланған шамамен 400 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Дроппер қылмыстық жазамен ғана шектелмеуі ықтимал. Сот оның есепшоты арқылы өткен қаражатты жәбірленушіге өндіріп бере алады. Сондықтан «картаңызды жалға беріңіз», «ақша өткізіп берсеңіз, пайыз аласыз» немесе «жұмыс үшін шот ашыңыз» деген ұсынысқа келісуге болмайды.
(Жалғасы бар)
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







