Алматы облысында жас спортшылар үшін тың мүмкіндік туды. Райымбек ауылдық округіне қарасты Құмтоған ауылында еліміздегі алғашқы жеке меншік мамандандырылған футбол мектебі бой көтеруде, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
«Jeyran» футбол клубының бастамасымен қолға алынған ауқымды жобаның келер жылы пайдалануға берілуі жоспарланып отыр. Мектеп бір мезетте мыңға жуық шәкіртті қабылдай алады.
Аталмыш оқу ордасын 2016 жылдан бері Алматы қаласында жұмыс істеп келе жатқан «Jeyran» футбол клубының құрылтайшылары қолға алған. Қазіргі таңда клуб құрамында 1800-ге жуық жас спортшы жаттығуда. Енді бұл тәжірибе облыс деңгейіне көшіріліп, футболға құмар ауыл балаларына да мүмкіндік берілмек.
— Бұл базада бастапқыда мың шақты баламен бастаймыз. Олар 4 пен 18 жас аралығында болады. Жаттығу жасап, түрлі жарыстарға қатысады. Онлайн мектепте оқып, жатақханада тұрады. Құрылысын былтыр бастадық, келесі жылы аяқтаймыз, — дейді жобаның құрылтайшысы Асхат Машанов.
Мектептің қаржылық жоспары да ауқымды. Жоба құны шамамен 1 миллиард теңгені құрап отыр. Қаржы директоры Абай Қанатаевтың айтуынша, кешен тек ойыншылар ғана емес, кәсіби жаттықтырушыларды да дайындайтын орталыққа айналмақ. Озық технологиялар, еуропалық стандартқа сай жасалған алаңдар, заманауи инфрақұрылым – бәрі де оқушылар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
— Біздің басты мақсатымыз – кәсіби футболшыларды тәрбиелеу. Бүгінде клубтан үш бала ұлттық құраманың сапына енсе, бірнешеуі кәсіби командаларда өнер көрсетуде, — дейді ол.
Жалпы аумағы 7 гектарды құрайтын кешенде төрт блоктан тұратын ғимараттар бой көтеріп, құрылыс көлемі 5 мың шаршы метрге жуықтайды. Жасыл алаңдар мен 3 мың адамдық көрермен орындығы да қарастырылған.
Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбектің айтуынша, бұл бастама өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға серпін бермек.
— Бұл – облыс үшін үлкен жаңалық. Біріншіден, балаларды спортқа баулимыз. Екіншіден, әлеуметтік осал топтардағы жеткіншектерге де мүмкіндік туады. Алдағы уақытта мемлекет пен жеке кәсіпкерлік арасындағы әріптестік аясында қолдау көрсету бағытында жұмыс жасаймыз, — дейді ол.
Бүгінде құрылыс жұмыстарының 20 пайызы аяқталған. Жобалаушылардың айтуынша, келесі жылдың жазында мектеп толық жұмысын бастайды. Бұл – Қарасай ауданындағы спортқа құштар балалар үшін үлкен серпін, ал футбол арманға айналған жас өрендер үшін – нақты мүмкіндік