Алматының Бостандық ауданында, Әл-Фараби даңғылы мен Дулати көшесінің қиылысында аумағы 6,6 гектарды құрайтын көпфункционалды жаңа Flow Park спорт кешен-саябағы ел игілігіне берілді, Бұл турасында Бостандық ауданы әкімі Азамат Қалдыбеков журанлаистерге айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекет пен жеке сектор әріптестігі
Жаңа демалыс аймағы қоғамдық кеңістіктерді дамыту және көркейту жөніндегі бастамалар аясында жүзеге асты. Нысан қаланың оңтүстік бөлігіндегі Тұңғыш Президент саябағына қарама-қарсы орналасқан әрі тау бөктеріндегі тартымды орталыққа айналды.
Саябақ құрылысына мемлекет қазынасынан қаржы жұмсалған жоқ. Жалпы құны 3 миллиард теңгені құрайтын ауқымды жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде жеке инвесторлардың қолдауымен толық салынды.
Мұндай ынтымақтастық қала бюджетіне салмақ салмай, тұрғындарға жайлы урбанистикалық кеңістік сыйлаудың тиімді үлгісі болды. Аумақта жүргізілген жұмыстар мегаполистің инфрақұрылымын жаңарту талаптарына толық сай келеді.
Спорт пен белсенді өмір сүруге арналған инфрақұрылым
Flow Park аумағы экстремалды спорт әуесқойлары мен отбасылық демалысты қалайтындар үшін арнайы аймақтарға бөлінген. Мұнда скейт-парк, BMX-трассалары және памп-трек жасақталды. Жалпы спорттық тректердің көлемі екі мың шаршы метрден асады.
Сонымен бірге тұрғындар үшін заманауи тренажер алаңдары, балалар ойын кешендері, сондай-ақ веломектеп аймағы қарастырылған. Жеңіл атлетиканы серік еткен жандар үшін саябақ бойымен ұзындығы 1,3 шақырымдық жүгіру жолы салынды.
Жаңа кеңістікте 700-ден астам ағаш отырғызылып, 44,8 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылды. Тұрғындар үшін 1,3 шақырымдық жүгіру жолы мен қауіпсіз пандустар толық дайындалды.
Инклюзивті орта және қауіпсіздік
Қоғамдық кеңістікті жобалау кезінде инклюзивтілік қағидаттарына басымдық берілді. Саябаққа кіру нүктелеріне арнайы пандустар орнатылып, кедергісіз орта жасақталды. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалар арбасын жетектеген ата-аналардың еркін қозғалуына мүмкіндік береді.
Қазір саябақ ішінде жарықтандыру желілері, автоматты суару жүйесі, сәулеттік шағын пішіндер мен заманауи субұрқақ жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар демалушылардың тыныштығын қорғау мақсатында полиция департаменті аумақта тәулік бойы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қатаң бақылауға алды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







