6 қарашада Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы күрт құбылып, қар аралас жаңбыр, көктайғақ пен екпінді дауыл күтіледі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Синоптиктердің болжамынша, ел аумағында ұзақ уақыт жауын-шашынсыз ауа райын ұстап тұрған антициклон біртіндеп ығысып барады. Оның орнын солтүстік циклонның терең жырасы басты. Соның салдарынан алдымен батыс, артынша солтүстік және орталық өңірлерде метеорологиялық жағдай күрт күрделене түсті.
Батыс пен солтүстікте – қар мен көктайғақ
Ауа райының бұзылуы алдымен батыс және солтүстік-батыс өңірлерге салмақ салады. Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында кей уақытта нөсер жаңбыр мен қар түріндегі қатты жауын-шашын күтіледі. Түнгі және таңғы мезгілде көріну деңгейін төмендететін қою тұман түсіп, жолдарға мұз қатады.
«5-6 қарашада республиканың батысы мен солтүстік-батысында қатты жауын-шашын, ал орталық және оңтүстік аудандарда нөсер жаңбыр болжанады. Солтүстік аймақтарда көктайғақ қалыптасып, күндізгі ауа температурасы біртіндеп төмендейді», – деп ескертті «Қазгидромет» мамандары.
Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарында да қар аралас жаңбыр жауып, көлік қозғалысына айтарлықтай қиындық туғызатын қара көктайғақ белең алады. Ауа температурасы түнгі уақытта кей өңірлерде -1…-8°С аралығында құбылып, тоң тоңазытады.
Дауылды жел мен 7 градустық түнгі үсік
Циклон белсенділігі салдарынан елдің 15 өңірінде арнайы дауылды ескерту жарияланды. Солтүстік өңірлерде соғатын екпінді желдің жылдамдығы секундына 23–28 метрге дейін күшейеді. Мұндай қауіпті екпін әсіресе Көкшетау және Петропавл маңында, сондай-ақ Маңғыстау мен Ұлытау облыстарының ашық далалы аумақтарында байқалады.
Оңтүстік-шығыс өңірлерде жауын-шашын түспегенімен, ауа температурасы түнде айтарлықтай төмендейді. Жетісу және Алматы облыстарында түнгі сағаттарда сынап бағанасы -6…-7°С-қа дейін құлдилап, үсік жүреді. Ал Түркістан облысының тау бөктерлерінде қатты жауған жаңбырдан өзен деңгейлері көтеріліп, су басу қаупі туындауы мүмкін.
«Желдің секундына 28 метрге дейін жетуі, жаңбыр мен қардың аралас жаууы және тұман тасжолдарда апат қаупін еселейді», – деп хабарлады метеорологтар.
Мегаполистердегі жағдай
Астана қаласында көшпелі бұлтты ауа райы сақталады. Күннің екінші жартысында аздаған жаңбыр сіркірейді. Таңертең және күндіз оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Ауа температурасы түнде +1…+3°С, күндіз +7…+9°С шамасында болады.
Алматыда күн райы жауын-шашынсыз, жылылық біршама сақталады. Желдің жылдамдығы 3–8 м/с деңгейінде. Түнде +1…+3°С, күндіз сынап бағанасы +14…+16°С көрсетеді. Дегенмен Алматы мен Талдықорғанда, сондай-ақ түнде Павлодар мен Өскеменде атмосферада ластаушы заттардың жиналуына ықпал ететін қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі.
Шымкентте күн бұлтты болып, ауа температурасы күндіз +18…+20°С жылыға дейін көтерілгенімен, кешкі уақытта жаңбыр жаууы ықтимал.
Қауіпсіздік ережелері
Мамандар қозғалыс қатысушыларына, әсіресе көлік жүргізушілеріне қалааралық күрежолдарда барынша мұқият болуды ескертеді. Көктайғақ басталғандықтан, жазғы дөңгелекті қысқысына ауыстырмаған жүргізушілерге алыс сапарға шықпауға кеңес беріледі.
Сондай-ақ қатты екпінді жел кезінде тұрғындардан жеңіл құрылымдар мен билбордтардың, биік ағаштар мен электр желілерінің астында ұзақ тұрмау талап етіледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







