Алматыда қалалық орталық кеден зертханасының басшысы сотталды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
18 қарашада Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Қалалық орталық кеден зертханасының басшысы А. Сатыбалдиев пен бас маман Әлібеков Б. сотталды.
Олар кәсіпкерлерден кеден сарапшыларының қорытындыларын жеделдетіп бергені үшін бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
«Сатыбалдиев пен Әлібековке мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, әрқайсына 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — деп жазылған хабарламада.
Сот үкіммен кеден брокерлері Николас В., Казанцева С. және Гаруни С.-ға лауазымды тұлғаларға пара бергені үшін айыппұл салынды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.