Алматыда 2026 жылғы 1 мамырдан бастап жылу мен ыстық су тарифі өсті. Жаңа тарифтер Алматы қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің бұйрығымен бекітілген. Өзгеріс «Алматы жылу жүйесі» ЖШС көрсететін қызметтерге қатысты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қарапайым тұтынушылар үшін жылу тарифі ҚҚС-сыз 1 Гкал үшін 7 503,35 теңгеден 7 878,51 теңгеге дейін көтерілді. Бұл шамамен 5 пайыздық өсім.
Жылу есептегіші жоқ үйлердің тұрғындары қымбатшылықты көбірек сезінуі мүмкін. Мұндай үйлер үшін тариф 9 004,01 теңгеден 9 454,21 теңгеге дейін өсті.
Ал ортақ жылу есептегіші бар үйлерде тариф 7 364,88 теңгеден 7 733,12 теңгеге дейін көтерілді.
Ыстық су да қымбаттады. Орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосылған, биіктігі 75 метрге дейінгі көпқабатты үйлерде есептегіш құрал болмаса, төлем енді бір адамға айына ҚҚС-сыз 2 031,47 теңгені құрайды.
Егер есептегіш орнатылған болса, ыстық су тарифі 1 текше метр үшін 588,81 теңге болады.
Әдеттегідей, мұндай өзгерістің салмағы есептеу құралдары жоқ тұрғындарға көбірек түседі. Ескі, апатты немесе барак үлгісіндегі кей үйлерге бөлек тариф сақталған. Себебі мұндай нысандарда техникалық себептерге байланысты есептегіш орнату мүмкін болмай отыр.
Тарифтер бұйрыққа қол қойылған күннен бастап күшіне енді. Енді алматылықтар үшін коммуналдық төлемдегі басты мәселе – есептегіш құралдардың болуы және тұтыну көлемін нақты бақылау болмақ.
Астанада электр энергиясының тарифін көтеру мәселесі қаралып жатыр. Елордада «Астана-РЭК» компаниясының жаңа тариф бекіту туралы өтінімі бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Шекті бағаны қосылған құн салығынсыз 1 киловатт-сағат үшін 31,18 теңгеден 35,07 теңгеге дейін көтеру ұсынылған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







