Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу маусым айында аяқталуы мүмкін. Тергеу амалдары біткен соң материал сотқа жолданады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Санжар Әділов Сенат дәлізінде істің аяқталуға жақын екенін айтты.
«Қылмыстық істі тергеу аяқталу сатысында тұр. Тергеу амалдары біткеннен кейін материал сотқа жіберіледі», – деді ол.
Нұрай Серікбай 11 қаңтарда қаза тапқан. Қайғылы оқиға ел ішінде үлкен резонанс тудырды. Бейнебақылау камераларына күдіктінің қызды оқиға алдында аңдып жүрген сәті түскен.
Кейін марқұмның жақындары Нұрайдың күдікті тарапынан ұзақ уақыт бойы қысым мен қудалауға ұшырағанын айтты. Олардың сөзінше, қыздың отбасы полицияға бірнеше рет жүгінген, алайда арыздар тиісінше тіркелмеген.
Күдікті 13 қаңтарда Шымкенттен шамамен 10 шақырым жерден ұсталды. Кейін ол тергеу изоляторынан психиатриялық мекемеге ауыстырылып, тиісті сараптамадан өткен.
Оқиғаға байланысты Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков пен оның бірінші орынбасары Құрманбек Сахов қызметінен босатылды. Сондай-ақ ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік департаменті полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты сотқа дейінгі тергеу бастаған.
Президент Тоқаев 20 қаңтарда Ұлттық құрылтай отырысында құқық қорғау органдарының әрекетіне әділ баға беруді және тергеудің объективті жүргізілуін тапсырған еді.
Марқұмның отбасы кейін әлемжеліде тараған видеоға байланысты да шағым түсірді. Онда Нұрайдың күдіктінің көлігіне өз еркімен отырғанын, оған шағымы жоқ екенін айтқан жазба жарияланған. Отбасының адвокаты Сержан Нұрпейісов жәбірленуші тарап тергеу құпиясының жария болуы мүмкін деген уәжбен ресми шағым бергенін мәлімдеді.
Енді тергеу аяқталған соң Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс сотта қаралады деп күтіліп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







