Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты резонанс тудырған іс бойынша жаңа мәліметтер белгілі болды. Марқұмның отбасы жағындағы адвокат күдіктінің қазіргі қайда отырғанын және жәбірленуші тараптың қандай талап қойып отырғанын айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Адвокат Аянхан Омаровтың сөзінше, күдікті психиатриялық сараптамадан өткеннен кейін мамыр айының басында қайтадан тергеу изоляторына жеткізілген.
«Қазір ол Шымкенттегі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №69 мекемесінде отыр. Денсаулығы қалыпты, сараптама оны есі дұрыс деп таныды», – деді адвокат.
Еске сала кетейік, сәуір айында 28 жастағы күдікті Алматы облысындағы Ақтас ауылындағы мамандандырылған психиатриялық ауруханаға ауыстырылған еді.
Сол кезде марқұмның туыстары күдікті қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін психикалық ауруды қолдан жасауы мүмкін деген күмән айтқан болатын.
Қазірге не белгілі?
Қазір жәбірленуші тарап тек күдіктінің өзіне ғана емес, оның туыстарына да қатысты іс қозғалуын талап етіп отыр. Адвокаттың айтуынша, полицияға бірнеше мәрте арыз берілген.
«Біз күдіктінің туыстарын алдын ала келісіп, қызды некеге мәжбүрлеуге қатысқаны үшін жауапқа тартуды сұрап келеміз. Арыздар қабылданды, бірақ мәселе әлі қаралып жатыр», – деді Аянхан Омаров.
Сонымен қатар, марқұмның туыстары Қылмыстық кодекстегі «Некеге мәжбүрлеу» бабын ауырлатуды талап етіп отыр. Қазір іс 125-1 баптың 1-бөлігімен қаралып жатыр. Ал жәбірленуші тарап оны 3-бөлікке ауыстыруды сұрайды. Себебі дәл осы бөлімде ауыр салдарға әкелген әрекет үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Контекст
Нұрай Серікбайдың қазасы қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Қайғылы оқиға 11 қаңтарда болған. Бейнебақылау камералары күдіктінің қызды аңдып жүргенін, кейін оған пышақпен шабуыл жасағанын түсіріп алған.
Тергеу барысында оқиғаға дейін бірнеше ай бойы қудалау болғаны, тіпті «алып қашу» әрекеті де жасалғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары сол кезде-ақ полицияға жүгінгенімен, арыз тіркелмегенін айтқан.
13 қаңтарда күдікті Шымкенттен шамамен 10 шақырым жерде ұсталды.
Кейін іс Ақордаға дейін жетті. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай кезінде полиция әрекетіне баға беруді тапсырды. Осыдан кейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков қызметінен босатылып, арызды тіркемеген қызметкерлерге қатысты салғырттық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазір күдіктіге бірден бірнеше ауыр бап бойынша айып тағылған:
- ерекше қатыгездікпен жасалған адам өлтіру;
- некеге мәжбүрлеу;
- сталкинг, яғни жүйелі түрде аңду мен қысым көрсету.
Іс қоғам назарында қалып отыр. Марқұмның туыстары әділ үкім күтетінін айтып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







