Күз мезгілінің ерекше астрономиялық көріністерінің бірі саналатын толық «Аңшы Айы» көк жүзіне шығып, оның қасынан Сатурн ғаламшары жарқырап бой көрсетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Күзгі күн мен түннің теңелуінен бір ай өткен соң орын алатын толық ай кезеңі күн батқан сәттен-ақ көкжиектен көтеріле бастады. EarthSky астрономиялық орталығының дерегі бойынша, ай өзінің ең жоғарғы жарықтық шегіне дүйсенбіге қараған түні жетті. Жексенбі күні ымырт үйіріле бере Айдың дәл оңтүстігіне қарай бірнеше градус қашықтықта алтын түстес Сатурн ғаламшары анық байқалды.
Ненің әсерінен қызғылт-сары түске енеді?
Ай көкжиекке жақын тұрған кезде оның түсі әдеттегіден гөрі қызғылт-сары немесе қызыл реңкке ұқсайды. Бұл оптикалық құбылыс ай сәулесінің жер атмосферасының анағұрлым тығыз қабаты арқылы өтуімен тікелей байланысты. Қалың ауа қабаты күн батқан кездегідей көк және күлгін толқындарды сейілтіп, ұзын қызыл мен қызғылт сәулелерді көзге анық көрсетеді.
Сонымен бірге көкжиекте тұрған сәтте Ай әдеттегіден әлдеқайда алып болып көрінуі мүмкін. Алайда ғалымдар бұл көлемнің шынайы өзгеруі емес, адамның қабылдауына ғана байланысты оптикалық иллюзия екенін айтады.
«Аңшы Айы» атауының шығу тегі
Қыркүйек айындағы егін жинау кезеңіне сәйкес келетін «Орақ Айынан» кейін келетін толық ай дәстүр бойынша «Аңшы Айы» деп аталады. Тарихи деректерге сай, байырғы халықтар қысқа азық дайындау үшін жануарларды аулауға осы түндердегі мол жарықты сәтті пайдаланған. Егістіктер орылып босаған соң жабайы жануарларды көру де әлдеқайда оңайға түскен.
NASA агенттігінің Годдард ғарыштық ұшулар орталығы зертханасының жетекшісі, әрі Artemis III миссиясының ғалымы Ноа Петро табиғат пен адам өмірінің байланысын ерекше атап өтті.
«Бұл атаулар Айға белгілі бір терең мән береді. Мен адамдар оған қарап тұрып: «Жылдың бұл мезгілі мен үшін нені білдіреді?» деп толғанса екен деймін. Әркімнің табиғатпен жеке байланысы болғаны жөн», – деді Ноа Петро.
Байырғы тайпалар арасында бұл құбылысқа «Күріш кептіру Айы», «Жапырақ түсу Айы» немесе «Қоныс аудару Айы» деген де атаулар берілген. Кейбір мәдениеттер оның ерекше түсіне қарап «Қанды Ай» деп те атаған.
Аспан құбылысын бақылау кеңестері
Алдағы айларда түнгі шырақ өзінің әдеттегі күміс түсіне қайта енеді. Дегенмен ғарышты бақылаушылар Ай мен Сатурнның жақындасуын арнайы қымбат жабдықсыз-ақ көруге мүмкіндік алды.
Сатурн Айдың өте қатты жарығына байланысты кейде көмескіленуі мүмкін, бірақ ашық түндерде оны кәдімгі көзбен де табу қиын емес. Зерттеуші Ноа Петро ғарышты тамашалаудың басты шартын қарапайым түсіндірді.
«Айдың ғажаптығы сонда, оны тамашалау үшін аса күрделі телескоптың керегі жоқ. Тек екі-ақ нәрсе қажет: ашық аспан және қырағы жанар. Осы екеуі болса, түнгі аспанның сұлулығына тәнті бола аласыз», – деп түйіндеді зерттеуші.
Мамандардың пікірінше, бұл астрономиялық оқиға күзгі аспанның көркін ашып қана қоймай, жақын ғарыштың қозғалысын өз көзімен көруге керемет мүмкіндік сыйлады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







