Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines (AZAL) әуекомпаниясының ұшағы өткен жексенбіде Түркияның Трабзон әуежайындағы ұшу-қону жолағынан шығып кеткен, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Yeni Akit басылымы мәліметінше, апатқа үш күн қалғанда, 22 желтоқсанда ұшақ Баку-Трабзон рейсін орындағаны анықталды.
«Радар мәліметтеріне сәйкес Трабзон әуежайына қонған кезде ұшақ ұшу-қону жолағынан шығып кеткен, ұшқыш ұшақты екіншісінде ғана қондыра алды», – деп жазылған ақпаратта.
25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл — Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Жолаушылар рейсі қатты тұманға байланысты Грозныйға қона алмаған, алдымен Махачкалаға, содан кейін Ақтауға бағытталған.
Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің кейінгі мәліметі бойынша аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі — бала, олар ауруханаға жеткізілді.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды.