Қазақстанның климаты кейінгі жарты ғасырда айтарлықтай өзгерген. Ел аумағындағы орташа жылдық температура шамамен 2 градусқа көтеріліп, аптап күндер мен жылы түндер жиілей түскен, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Қазгидромет» мамандарының есебінше, 1976–2025 жылдар аралығында ауа температурасы әр он жыл сайын орта есеппен 0,4 градусқа жоғарылаған. Осы қарқын сақталса, аптап ыстық енді сирек кездесетін құбылыс емес, Қазақстан климатының қалыпты көрінісіне айналуы мүмкін.
Ең жылдам өзгеріс көктем айларында байқалған. Көктемгі температура әр онжылдықта шамамен 0,7 градусқа өсіп отыр.
Әсіресе наурыз айы күрт жылынған. Оның көрсеткіші он жыл сайын 1,1 градусқа дейін көтерілген. Жаздағы өсім сәл баяу болғанымен, тұрақты сипат алған. Маусымдық температура әр онжылдықта 0,26 градусқа жоғарылап келеді.
Климаттың қызуы батыс пен оңтүстікте анық сезіледі. Батыс Қазақстан облысында орташа жылдық температура әр он жылда 0,59 градусқа, Атырау облысында 0,54 градусқа артқан. Маңғыстау мен Қызылорда облыстарындағы өсім шамамен 0,53 градусты құрайды.
Мәселе орташа температураның көтерілуімен шектелмейді. Қазақстанда аптап күндердің саны көбейіп, ыстық толқындары ұзағырақ сақтала бастаған. Түнгі уақытта да ауа бұрынғыдай салқындамайды. Метеорологтар жылы түндердің жиілеуін климат өзгерісінің маңызды белгілерінің бірі деп отыр.
Мамандарды алаңдатқан негізгі үрдіс температуралық шектен шығудың күшеюі. Демек, қалыптан тыс ыстық кезеңдер алдағы уақытта жиі қайталанып, бұрынғыдан ұзаққа созылуы ықтимал.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







