Мұхтар Шахановтың жұбайы Ханшайым Шаханова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ақынның соңғы аманаты жазылған хатты жариялады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Хатта халық жазушысы Мұхтар Шахановтың көзі тірісінде айтқан ең маңызды өтінішін жазып қалдырған. Ол өзін ата-бабаларының мекені саналатын Отырар өңіріндегі Арыстан баб кесенесінің маңына жерлеу болғаны жазылған. Жұбайының айтуынша, ақын мәңгілік тыныс табатын жер ретінде дәл осы киелі орынды таңдаған.
Хат иесі аталған аумақтың республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш екенін толық түсінетінін атап өткен. Соған байланысты жерлеу рәсімі мен қойылуы мүмкін мемориалдық белгі Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына, соның ішінде «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заң талаптарына, сондай-ақ музей-қорықтың сәулеттік тәртібіне толық сай жүргізілетініне кепілдік берілген.
Ханшайым Шаханова өз өтінішінде Мұхтар Шахановтың ұлт алдындағы еңбегін, тарихи тұлғасын және халықаралық деңгейдегі беделін ескере отырып, ақынның соңғы аманатын орындауға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету сұралатынын жеткізген.
Шахановтың соңғы аманаты
Хат мәтінінде ақынның киелі топыраққа жерленуі тек отбасының жеке өтініші емес, ұлттық рухқа, тарихқа және ірі тұлғаға көрсетілетін зор құрмет екені айтылған. Осыған байланысты Президенттен тиісті рұқсаттың берілуіне ықпал ету, сондай-ақ аталған мәселені Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігімен және Түркістан облысының әкімдігімен үйлестіруге тапсырма беру сұралған.
Хатта осы тілектің тек Шахановтар әулетінің ғана емес, ел ағалары мен зиялы қауым өкілдерінің де ортақ ұстанымы екені көрсетілген. Жұбайы Мемлекет басшысының әділ шешіміне және ұлттық құндылықтарға деген жанашыр ұстанымына сенім білдіріп, өтініш оң шешім табады деген үмітін жеткізген.
Қазақстанның еңбек ері, халық жазушысы, белгілі ақын, драматург және қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов өмірден өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

