Қазақстанның еңбек ері, халық жазушысы, белгілі ақын, драматург және қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов өмірден өтті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қайғылы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі жеткізіп, марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, күллі қазақ жұртына көңіл айтты.
«Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі көрнекті қазақ ақыны, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен жақындарына, сондай-ақ барша қазақ халқына қайғырып көңіл айтады», – делінген министрлік хабарламасында.
Мұхтар Шаханов қазақ руханиятында ерекше орны бар тұлға еді. Ол әдебиет пен қоғамдық өмірді ұштастырып, өзінің азаматтық позициясын батыл әрі ашық білдіріп келді. Ақынның шығармалары терең философиясымен, көркемдігімен, жаңашылдығымен ерекшеленіп, қазақ халқының рухани байлығына айналды.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, Мұхтар Шаханов әрдайым ел тағдырына бейжай қарамай, маңызды қоғамдық мәселелерде үн қатты. Оның батылдығы, қайсар мінезі мен ұлттық мүддеге адалдығы халық жадында мәңгі сақталады.
Мұхтар Шаханов 1942 жылы 9 шілдеде дүниеге келген. Ақын 83 жасында бақилық болды. Саналы ғұмырында қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына орасан зор үлес қосты. Оның шығармалары әлемнің 50-ден астам тіліне аударылған.
Белгілі болғандай…
Мұхтар Шаханов 8 сәуірден бері жансақтау бөлімінде жатқан. Бұған дейін оның жағдайы ауыр екені хабарланған болатын.
Министрлік марқұмның жарқын бейнесі, әділдік пен шындық үшін күрескен қайсар рухы ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.
«Мұхтар Шахановтың батылдығы, әділеттілік жолындағы күрескерлігі мен халыққа деген адалдығы әрқашан есте қалады. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Жаратушының мейірімі мен рақымы нәсіп етсін», – деп жазылған министрліктің көңіл айту хабарламасында.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

