Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау мен осы саладағы мемлекеттік бақылауды негізгі басым бағыттардың бірі ретінде жүргізіп келеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Осы міндет аясында Түркістан қаласы тұрғынының арызы негізінде тиісті мемлекеттік органға жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тексерудің мақсаты – шағымды жан-жақты, объективті әрі толық қарау болған.
Арыз иесі тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесіне құқық алу мақсатында уәкілетті мекемеге өтініш берген. Аталған қызметті көрсету тәртібі Жер кодексінің 44-2-бабымен және Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2020 жылғы 1 қазандағы №301 бұйрығымен бекітілген қағидамен реттеледі.
Қолданыстағы талапқа сай, сәулет және қала құрылысы саласындағы жауапты орган екі жұмыс күні ішінде өтініштің сұралған нысаналы мақсатқа сәйкестігін анықтауы тиіс. Егер жер учаскесін беру мүмкін болмаса, тағы екі жұмыс күні ішінде қызмет алушының жеке кабинетіне заңнамаға сүйенген уәжді бас тарту жолдануы қажет.
Алайда тексеру барысында қызмет көрсетуші мекеме тарапынан жер учаскесін берудің мүмкін еместігі туралы қорытынды ұсынылмағаны анықталған. Соның салдарынан мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 16 жұмыс күніне бұзылған.
Департаменттің ықпалымен 2025 жылғы 2 қыркүйекте арыз иесіне қызмет нәтижесі ұсынылып, оның бұзылған құқығы толық қалпына келтірілген.
Тексеру қорытындысы бойынша департамент тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, анықталған заңбұзушылықтарды жою және мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеу жөнінде ұсыныс енгізген.
Абылайхан НАУРЫЗБАЕВ, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы,Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







