Ақтөбедегі Ә.Марғұлан атындағы №71 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айжан Әділова бірнеше жыл бойы басшылық тарапынан психологиялық қысымға ұшырап, әділетсіздік көргенін ашық айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Айжанның айтуынша, мектеп әкімшілігі тарапынан болған қысымның салдарынан оның денсаулығына айтарлықтай зиян келген. Тіпті, сабақ үстінде бірнеше мәрте жедел жәрдем шақыруға тура келген кездер де болған.
«Мен бірнеше жыл бойғы әділетсіздіктен шаршадым. Өз құқығымды қорғап, сотта жеңіске жеттім. Президент Тоқаевқа да арыз жолдап, нәтижесінде көптеген заңсыздық пен қысым фактілері анықталды. Алайда әлі күнге дейін толық әділдік таппадым. Өз пікірімді ашық білдіргенім үшін мектеп басшысының көзқарасына сай келмей, үнемі қысымға ұшырап келемін», – дейді мұғалім.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айжан Әділоваға жергілікті журналистер хабарласып, видео түсіргенімен, кейін түсініксіз себептермен жариялаудан бас тартып, байланысқа шықпай қойған.
«Менің ар-намысым тапталды. Үздік сынып жетекшісі атанып, ата-аналармен қарым-қатынасым жақсы болса да, басшылықтың әділетсіздігі кесірінен «проблемная, заявщица» деген атқа қалдым. Қаншама жыладым, қорландым. Өз беделімді қалпына келтіргім келеді, тек әділдік талап етемін», – дейді Айжан Әділова.
Оқиға бойынша әлі де анықталмаған тұстар көп. Біз мәселенің ары қарай қалай өрбитінін бақылауда ұстаймыз.
Айта кетелік, бұған дейін экс-министр Асхат Аймағамбетов мұғалімдер құқығы барынша қорғалады деп мәлімдеген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







