Елордадағы «Керуен» сауда-ойын-сауық орталығында Есіл ауданы прокуратурасының бастамасымен «Халық заңгері» әлеуметтік акциясы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Шараның негізгі мақсаты халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, тұрғындардың білікті заң көмегіне қолжетімділігін қамтамасыз ет болып табылады. Сондай-ақ тұрғындар арасында кең таралған құқықтық мәселелерді анықтап, олардың алдын алу.
Акцияға қалалық прокуратура өкілдерімен қатар, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер және құқық қорғау ұйымдарының 20-ға жуық маманы қатысты. Адвокаттар мен заңгерлер тұрғындарға тұрғын үй құқығы, еңбек қатынастары, отбасы заңнамасы, әлеуметтік қамсыздандыру секілді түрлі өзекті мәселелер бойынша тегін заңгерлік кеңес берді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар арқылы тұрғындар өздерін мазалаған сұрақтарға нақты жауап алып, құқықтық мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік алады. Акция барысында 100-ден астам қала тұрғынына кеңес берілді.
«Бұл шараның маңызы – тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруда ғана емес, сонымен қатар олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға нақты ықпал етуде. Құқықтық сауатты қоғам қалыптастыру – басты міндетіміздің бірі», – деп атап өтті Есіл ауданы прокуратурасының өкілдері.
Акция алдағы уақытта да елорданың барлық ауданында жүйелі түрде жалғасын тауып, тұрғындардың құқықтық кеңестер мен білікті заң көмегіне қол жеткізуін қамтамасыз ететін болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







