Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттау жүйесіне ірі өзгеріс енгізуге кірісті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ең басты жаңалық мұғалімнің білімін бағалайтын тест толық алып тасталмақ. Енді негізгі назар қағаздағы сұраққа емес, ұстаздың күнделікті кәсіби нәтижесіне, сабақ сапасына және шәкірт жетістігіне ауысады.
Жаңа модельге сай, аттестация педагогтің нақты жұмыс тәжірибесіне сүйенеді. Яғни біліктілік санаты енді тест қорытындысымен ғана емес, мұғалімнің кәсіби ізденісі мен практикалық еңбегі арқылы айқындалмақ.
Тестілеу толық жойылғанымен, ол барлық санатқа бірдей тоқтамайды. Атап айтқанда, педагогикалық оқу орнын жаңа тәмамдаған жас маман, мамандыққа қайта оралып жатқан педагог, сондай-ақ білім беру ұйымының басшысы, орынбасары мен әдіскері үшін тестілеу сақталады.
Мектепте кемінде екі жыл үздіксіз жұмыс істеген педагог біліктілік санатын алуға өтініш бере алады. Министрлік түсіндіруінше, оның кәсіби деңгейі жаңа қағида бойынша тәжірибе нәтижесіне қарап бағаланады.
Ведомство осыны былай нақтылады: «Олардың біліктілігін бағалау жаңа ережеге сәйкес практика нәтижесі бойынша жүргізіледі. Портфолио педагогтің және білім алушылардың жетістігі, сабақ сапасы мен тәрбие жұмысының бағасы негізінде қалыптастырылады».
Тағы бір маңызды өзгеріс…
Енді барлық деңгейдегі ұстаздан авторлық бағдарлама мен оқу-әдістемелік материалды міндетті түрде тапсыру талап етілмейді. Осылайша аттестация процесіндегі артық салмақ азаймақ.
Жаңа тәртіп 2027 жылдан бастап енгізіледі. Оған дейін кезең-кезеңімен өтетін өтпелі мерзім қарастырылған.
Пәндік білімді бағалау сынағынан алғаш рет өте алмаған педагогтерге де жеңілдік берілмек. Олардың қазіргі біліктілік санаты мен қосымша ақысы сақталады. Аттестациясы 2026–2027 оқу жылына ауыстырылады. Ең маңыздысы – сол кезеңде олар жаңа ереже бойынша, пәндік тесті міндетті тапсырмай-ақ аттестациядан өте алады.
Қайта тапсыру үшін төленген қаражат та толық қайтарылады. Ал пәндік бағалау кезеңінен өтіп қойған педагогтер мен тестсіз санатын растап жатқан мұғалімдер биылғы оқу жылында қолданыстағы тәртіппен аттестациясын аяқтайды.
Қазір министрлік жаңа форматтың нақты ережесін әзірлеп жатыр. Алдағы уақытта БАҚ өкілдеріне арналған арнайы брифинг өткізіліп, жаңартылған модельдің бүге-шігесі таныстырылмақ.
Қысқасы, ұстаз аттестациясындағы ұзақ жыл талқы тудырған жүйе енді түбегейлі өзгергелі тұр. Ендігі өлшем тестегі ұпай емес, мұғалімнің мектептегі шынайы еңбегі мен кәсіби салмағы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







