28 мамырда Астанада V Еуразиялық экономикалық форум жұмысы басталады. Биылғы форумның басты тақырыбы – «ЕАЭО жаһандық цифрлық жарыста: жасанды интеллектке басымдық». Іс-шараға 44 елден 3 мыңға жуық адам қатысады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қатысушылар қатарында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өкілдерімен бірге АҚШ және басқа да елдерден келген сарапшылар, бизнес қауымдастық өкілдері мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері бар.
Форум күн тәртібінде жаһандық цифрландыру, жасанды интеллект, ортақ нарықты дамыту, ЕАЭО елдері арасындағы экономикалық байланыстарды тереңдету және үшінші елдермен өзара іс-қимыл мәселелері қаралады.
Іскерлік бағдарлама аясында 30 іс-шара өткізу жоспарланған. Олар төрт негізгі бағытқа біріктірілген. Атап айтқанда, ЕАЭО нарығын дамыту трансформациясы, еуразиялық өзара байланыс, «ЕАЭО+» бағыты және форум алаңындағы қосымша іс-шаралар қамтылады.
Еуразиялық экономикалық комиссияның баспасөз қызметі хабарлағандай, форумның басты оқиғасы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен өтетін пленарлық отырыс болады.
Сонымен қатар форум барысында 14 келісім, меморандум және ынтымақтастық бағдарламасына қол қою жоспарланып отыр. Іскерлік бағдарламамен қатар, қатысушылар үшін бизнеске қатысты практикалық мәселелерге арналған көрме-жәрмеңке ұйымдастырылады.
Еуразиялық экономикалық форум жыл сайын ЕАЭО-ға мүше елдердің төрағалығы аясында өткізіледі. Оған одақ елдері мен үшінші мемлекеттердің бизнес өкілдері, мемлекеттік органдары, сарапшылары және халықаралық ұйымдар қатысады.
2026 жылы форум Қазақстанның төрағалығымен өтіп жатыр. Іс-шара 29 мамырда аяқталады.
Астана үшін мұндай форум тек хаттамалық жиын емес, ЕАЭО ішіндегі жаңа экономикалық күн тәртібін талқылайтын маңызды алаң. Әсіресе жасанды интеллект тақырыбының негізгі бағытқа айналуы одақ елдерінің цифрлық бәсекеге дайындалуға мәжбүр екенін көрсетеді. Ендігі мәселе – ортақ нарықтың жаңа технологияны қаншалықты тез игеріп, оны нақты экономикаға енгізе алуында.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







