2026 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Астанада қоғамдық көлікте қолма-қол ақшасыз төлем жасау құнын 110 теңгеден 150 теңгеге дейін көтеру ұсынылып отыр. Егер ұсыныс қабылданса, бір реттік жол жүру ақысы 40 теңгеге немесе 36,4%-ға қымбаттайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бағаның көтерілуін тасымалдаушылардың жанармайға, жүргізушілердің жалақысына, қосалқы бөлшектерге және автобус паркін жаңартуға жұмсайтын шығындарының өсуімен түсіндіреді.
Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, 2014 жылы дизель отынының бір литрі шамамен 107 теңге болса, қазір 329 теңгені құрайды. Осы кезең ішінде баға үш еседен астам өсті. Бұрын орта есеппен 100–150 мың теңге болған жүргізушілердің жалақысы қазір автобус сыныбы мен жұмыс кестесіне байланысты 700 мың теңгеден басталады.
Сондай-ақ шиналар, аккумуляторлар сатып алуға, көліктерге қызмет көрсету мен жөндеуге кететін шығындар да ұлғайған. Соңғы үш жылда тасымалдаушылар 1 127 жаңа автобус сатып алған.
Бұл ретте жолаушылар тарифі соңғы 12 жылда бір-ақ рет қайта қаралып, жол жүру құны 2014 жылы белгіленген 90 теңгеден қазіргі 110 теңгеге дейін ғана өскен.
Жолаушылар қанша шығындалады?
Ұсынылып отырған тариф бойынша күніне екі рет қатынау 220 теңгенің орнына 300 теңге болады. 22 жұмыс күні ішінде бір жолаушының шығыны 6 600 теңгені құрайды — бұл қазіргіден 1 760 теңгеге артық. Есепке қосымша сапарлар мен жол жүру билеттерінің ықтимал шарттары кірмеген.
Хабарламада келтірілген есептеулерге сәйкес, 2026 жылғы бір реттік сапардың орташа есептік құны қолданыстағы тарифтен айтарлықтай жоғары. Алайда нақты сома көрсетілмеген.
Тегін жүру жеңілдігі сақталады
Хабарламада елордада қолданыстағы әлеуметтік қолдау шаралары сақталатыны атап өтілген. Тегін жол жүру зейнеткерлер мен бірқатар әлеуметтік жәрдемақы алушыларға, көпбалалы аналар мен отбасыларға, мүгедектігі бар адамдарға, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға және олардың заңды өкілдерінің біріне, сондай-ақ белгіленген өзге де санаттарға қарастырылған.
Бұдан бөлек, Астанада білім алып жатқан 18 жасқа дейінгі балалар үшін тегін жол жүру жеңілдігі қолданыста қалады.
150 теңгелік тариф әзірге бекітуге ұсынылған күйінде тұр. Ұсынылған хабарламада түпкілікті шешім қабылданғаны туралы айтылмаған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







