Астанадағы «Жастар» сарайында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік концерт өтіп жатыр,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
«Іс-шара аясында елімізде тұратын түрлі этностардың мәдениеті мен өнерін таныстыратын арнайы көрме өтіп жатыр. Көрмеге келушілерге әр ұлт өкілдері салт-дәстүрін, мәдениетін, ұлттық тағамдарын көрсетуде. Кейін бұл іс-шара мерекелік концертке ұласады. Арнайы шақырылып отырған қазақ эстрадасының әншісі Ұшқын Жамалбек және «Жастар» сарайының шығармашылық ұжымы да өнер көрсетеді. Сондай-ақ, Жұмысшы мамандықтар жылы мен Жеңістің 80 жылдығына арналған арнайы нөмірлеріміз бар», – деді «Жастар» сарайының медиа бөлімінің басшысы Дильназ Мұрат.
Бүгінгі іс-шараны Астана қаласының Мәдениет басқармасы ұйымдастырып отыр.
Мерекелік концертте «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары – Зарина Божақова, Әлібек Әлмәдіұлы және Татьяна Ким, сондай-ақ шараның арнайы қонағы Құрмаш Махан өз өнерін ортаға салады.
«Қазақстан халқының бірлігі күні – сан түрлі этностардың өкілі бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан бейбіт әрі мызғымас мемлекетіміздің символына айналған мереке. Ол ұлттық бірлігіміздің беріктігін, көпэтносты қоғамымыздағы өзара құрмет пен сенімнің терең тамыр жайғанын паш етеді», – деді Дильназ Мұрат.
Көрме ұлттық дәстүрлердің бай мұрасын дәріптеп, қоғамдағы достық пен келісімді нығайтуға бағытталған.