Атырауда орталық көпірдің жағдайы қаланың көлік қозғалысына ғана емес, жаңа аудандарды жылумен қамту мүмкіндігіне де әсер етіп отыр. Облыс әкімі Болат Ақшолақов жол инфрақұрылымына қатысты бірнеше нысанды аралап, құрылыс қарқыны мен жобалық шешімдерді тексерді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
1965 жылы салынған орталық автомобиль көпірі бүгінде кешенді жаңғыртуды қажет етеді. Оның бойымен диаметрі 400 мм магистральдық жылу құбыры өтеді. Жылу желісінің кіреберіс бөлігі 700 мм-ге дейін кеңейтілгенімен, көпірдің техникалық жағдайы мен ескі құбырдың өткізу қабілеті қосымша қуатты толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр.
Мамандар инженерлік коммуникацияларға арналған жеке көпір салуды және жаңа автомобиль көпірінің жол бөлігін алты жолаққа дейін кеңейтуді ұсынды. Мұндай шешім көлік ағынын жеңілдетіп қана қоймай, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамту резервін арттыруы тиіс. Болат Ақшолақов жобаны қаланың бас жоспарымен байланыстырып, Атыраудың болашақ даму перспективасын алдын ала есептеуді тапсырды.
Жол сапасына қатысты өзекті мәселенің бірі «Самал» шағынауданында қордаланған. Қазір «Ынта» серіктестігі «Самал», «Өркен», «Береке» және «Атырау» шағынаудандарындағы жалпы ұзындығы 10 шақырым болатын 29 көшеге асфальт төсеп жатыр. Басқарма мәліметінше, 15 көшенің жол негізі әзірленген.

Өңір басшысы мердігерге жұмысты бірнеше көшеге шашыратпай, әр учаскені толық аяқтап барып келесі нысанға көшуді тапсырды. Мұндай тәртіп тұрғындарға келетін қолайсыздықты азайтып, орындалған жұмыстың сапасын нақты бағалауға мүмкіндік береді. Құрылыс күн суығанға дейін тоқтаусыз жалғасуға тиіс.
«Сарықамыс» шағынауданындағы Әбілқайыр хан даңғылынан Жастар көшесіне дейінгі 2,8 шақырым жолдың 1,84 шақырымы жаңартылған. Қалған 960 метрге жеке үйлер, жер телімдері мен инженерлік желілер кедергі келтіріп отыр. 2019 жылы бекітілген жобалық-сметалық құжаттаманы түзету, нысандарды сүру және жерді мемлекет мұқтажына алу рәсімдері де құрылыстың созылуына әсер еткен.
Әкім гильзалау әдісін қолдану ұсынды
Болат Ақшолақов шығынды көбейтетін сатып алу рәсімдеріне бірден кіріспей, жолды «Ерік-Мостовой» арнасының бойымен жалғастыру мүмкіндігін қарастыруды міндеттеді. Инженерлік желілермен қиылысатын тұстарда гильзалау әдісін қолдану ұсынылды. Жобаның әрі қарай орындалуы облыс әкімінің жеке бақылауында болады.
Жастар көшесін қайта жаңарту жұмысы 2024 жылдан бері жүргізіліп келеді. «Көктем» базарынан Еркінқала ауылдық округіне дейін созылатын жолдың жалпы ұзындығы 11,7 шақырым болса, бүгінде 3,7 шақырымына асфальт төселген. Құрылысқа 70-ке жуық жұмысшы тартылып, қалған учаскелердегі жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Облыс әкімі мердігер ұйымға 15 тамызға дейін жол қозғалысын ашуды тапсырды. Ол аталған бағытқа қатысты тұрғындардан көптеген өтініш түскенін айтып, мерзім мен сапаға бірдей жауапкершілік жүктелетінін ескертті. Атыраудағы жол құрылысының нәтижесі игерілген қаржымен емес, қозғалыстың қауіпсіздігі және халыққа жасалған нақты қолайлылықпен өлшенбек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







