Шымкент қаласында жолдағы заңбұзушылықтарды жариялап танылған блогер мен оның серіктестері құрықталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Олар әлеуметтік желінің мүмкіндігін теріс пайдаланып, лауазымды тұлғалар мен кәсіпкерлерден жүйелі түрде қаражат талап етіп келген.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, күдікті азаматтың Instagram парақшасында 150 мыңға жуық оқырманы бар.
Ол өзінің сыбайластарымен бірге мемлекеттік қызметшілер мен бизнес өкілдерінің соңына түсіп, олардың қызмет бабындағы олқылықтарын немесе кәсіпкерліктегі заң бұзушылықтарын әдейі таспаға жазып отырған.
Кейін жинақталған компромат бейнематериалдарды көпшілікке жарияламау үшін айласын асырып, қомақты ақша сұраған.
Қоғамдық бақылауды желеу етіп, заңсыз табыс таппақ болған топ мүшелері сот санкциясымен қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, заңсыз әрекеттің өзге де мән-жайлары анықталу үстінде.
Контекст
Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, ұсталған блогер Шымкентте АСКО деген атпен белгілі Асхат Балқыбаев.
Айтуынша, оқиға маусым айының ортасында басталған. Екі полиция қызметкері Шымкент тұрғыны мінген көлікті тоқтатқан. Тәртіп сақшылары жүргізушінің жүріс-тұрысынан күмәнданып, оны медициналық куәландыруға жіберген. Тексеру нәтижесінде жүргізушінің арақ-шарап ішкені анықталған.
Журналистің жазуынша, жүргізуші құқығынан айырылып, әкімшілік қамаққа алынуы мүмкін екенін түсінген соң Балқыбаевтан көмек сұраған. АСКО мәселені 1 миллион теңгеге шешіп беруге уәде еткен делінеді.
Козачков дерегіне қарағанда, блогер таныс полицейлер арқылы жүргізушіні босатуға ықпал етпек болған. Бірақ олар бас тартқан. Осыдан кейін блогер мен оның қасындағылар сол патруль қызметкерлерінен кек алмақ болып, олардың әрекетін аңди бастаған.
Сол сәтте Балқыбаевқа жақын адамның бірі әлгі полицейлердің бірін көлік айдап келе жатып телефон қолданған кезде видеоға түсірген.
Кейін блогер сол көріністің скриншотын парақшасына салып, араағайын арқылы полицейлермен сөйлескен. Журналист мәліметінше, ол жүргізушіге қатысты істі шешуді және 1000 доллар беруді талап еткен. Әйтпесе полицейлерді «қыспаққа алатынын» айтқан.
Осыдан кейін істі Шымкенттегі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қолға алған. Козачковтың жазуынша, тәртіп сақшылары келіссөзді де, ақша беру сәтін де тіркеп, кейін Асхат Балқыбаев пен оның жанындағы Ахмадали Сейдахметов, Алихан Серік және Жанғали Құлжабаевты ұстаған. Күдіктілерді жеті жылдан он бес жылға дейінгі жаза күтіп тұр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







