Қазақстан халықаралық деңгейде мойындалған эпизоотиялық қолайлылық жүйесін жүйелі түрде нығайтып келеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Елде ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту, жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу және оларды бақылау бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Үкімет жүзеге асырып отырған жүйелі шаралар мен ветеринариялық қызметті жаңғырту нәтижесінде Қазақстан бірқатар маңызды халықаралық мәртебесін қайта қалпына келтіріп, агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық мүмкіндігін кеңейте бастады.
2025 жылы еліміздің оңтүстік-шығыс өңірлерінде аусыл ауруы бойынша қауіпсіз мәртебені қалпына келтіру бағытында кешенді жұмыс атқарылды. Сонымен қатар жоғары патогенді құс тұмауы, африкалық шошқа обасы, классикалық шошқа обасы және африкалық жылқы обасы бойынша қауіпсіз ел мәртебесін халықаралық деңгейде мойындатуға басымдық берілді.
Аталған жұмыстардың нәтижесі отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің сыртқы нарыққа шығуына нақты мүмкіндік ашты. Қытай Қазақстаннан сойысқа арналған ірі қара малды, ірі қара терілерін және құс етін импорттауға рұқсат берді.
Әзербайжан түйе, ірі және ұсақ мал еті, құс еті, сүт өнімдері, бал және балық өнімдерін қабылдауға мүмкіндік ашты. Моңғолия тірі ұсақ мал импортын бастауға келісім берсе, Ирак сойысқа арналған ірі және ұсақ мал жеткізілімдерін мақұлдады.
Грузия Қазақстаннан сойысқа арналған ірі қара малды, сондай-ақ сойысқа және өсіруге арналған ұсақ малды импорттауға рұқсат етті. Иран тұяқты жануарлардың терісі мен жүніне өз нарығын ашты. Еуропалық одақ елдері қазақстандық бал өнімдерін қабылдай бастады.
Екі жылға созылған кешенді жұмыстың маңызды нәтижесі 2026 жылғы 22 мамырда тіркелді. Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымына мүше 183 елдің делегаттары Қазақстанға вакцинация жүргізілетін аусылдан таза аймақ мәртебесін беру туралы шешімді бірауыздан қабылдады. Ресми сертификат Қазақстан делегациясына Парижде өткен ұйымның 93-ші Бас сессиясы барысында табысталды.
Осылайша, Қазақстанның бүкіл аумағы аусыл ауруынан вакцинация арқылы қорғалған әрі халықаралық деңгейде мойындалған қауіпсіз аймақтармен қамтылды. Қазақстан Орталық және Шығыс Азияда мұндай мәртебеге ие болған жалғыз мемлекет атанып отыр.
Мұндай нәтиже елдің ветеринариялық қауіпсіздік жүйесінің күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа шығару үшін тек өнім көлемі жеткіліксіз. Халықаралық талаптарға сай ветеринариялық бақылау, аурулардың алдын алу, биологиялық қауіпсіздік және сенімді сертификаттау жүйесі қажет. Қазақстан осы бағытта нақты қадам жасап отыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық қауіпсіздікті одан әрі нығайтып, экспорт географиясын кеңейту жұмысын жалғастырады. Бұл отандық ет, сүт, бал, құс еті және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерінің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







