«Ауыл» партиясы Құрылтай депутаттығына кандидаттар тізімін бекітті. Астанада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XXVI съезі өтіп жатыр. Съезде Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына ұсынылатын кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Партия Құрылтай депутаттығына 69 кандидатты ұсынды. Олардың 71 пайызы ер азаматтар. Әйелдердің үлесі 29 пайызды құрады.
Партиялық тізімге мүгедектігі бар 6 азамат енгізілді. Бұл жалпы кандидаттар санының 8,7 пайызына тең.
Жас құрамы бойынша үміткерлердің басым бөлігі 35 пен 55 жас аралығында. Олардың үлесі 56,5 пайыз болды. 25 пен 35 жас аралығындағы жастар 14,5 пайызды құрады.
Партия мәліметінше, кандидаттар еліміздің әр өңірінен жасақталған. Олардың қатарында түрлі сала өкілдері бар.

Съезде партия төрағасы Қайрат Айтуғанов сөз сөйледі. Оның айтуынша, форумға қатысу үшін барлық өңірде партиялық конференциялар өткен. Сол конференцияларда 150 делегат сайланған.
Қайрат Айтуғанов алдағы кезең партия үшін маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, елдің қоғамдық-саяси өмірінде кезекті электоралдық науқан басталып жатыр. Сондықтан съезде партияның алдағы бағытын айқындайтын шешімдер қабылданады.
Кезектен тыс XXVI съезде партияның сайлауалды бағдарламасы да бекітілді. Сонымен қатар Құрылтай депутаттығына ұсынылатын кандидаттардың партиялық тізімі және Саяси кеңестің жаңа құрамы мақұлданды.
«Ауыл» партиясы үшін бұл съезд жаңа саяси кезеңге дайындық алаңы болды. Партия алдағы сайлау науқанында ауыл, еңбек адамы, өңірлік даму және әлеуметтік әділеттілік мәселелеріне басымдық бермек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







