Су тасқыны басталғалы Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын үйлерді су басуға жол берілген жоқ. Бұл туралы Үкімет отырысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Ол Республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарда 27 жерден су тасып өту жағдайы тіркелгенін, олар 4-5 күн ішінде тоқтатылғанын атап өтті. Қазіргі таңда 2 учаскеде су тасуы әлі де жалғасуда.
Өңірде 8 қорғаныс бөгетін қалпына келтіру және нығайту, Петропавл су торабы маңындағы айналма каналды салу және Соколовка маңындағы Есіл өзенінің арнасын түзету жұмыстары аяқталды. Шаруашылық есебінен Новоникольское ауылында су басу қаупін азайту мақсатында айналма канал салынды. Аталған каналдардың жұмысы тиімділігін көрсетті.
Елді мекендерден 1,5 млн текше метр қар шығарылды, 400 мың текше метр еріген су сорылды, 200 мың қап құм төселді, сондай-ақ жару жұмыстары жүргізілді. Бұл тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарын су басудан сақтап қалуға септігін тигізді. Су тасқыны жағдайы 8 дрон арқылы бақылануда, бұл дрондар кейін өрт қаупі кезеңінде қолданылмақ.
«Өзендер мен көлдердің деңгейі тәулік бойы бақылауда. Қазіргі жағдай бойынша Петропавлда су тасқынының бірінші және екінші толқындарының шарықтау кезеңі өтіп жатыр. Су деңгейі тұрғын үйлер мен инфрақұрылым үшін қауіпті межеге жеткен жоқ. Үшінші толқынның шарықтау кезеңі сәуір айының соңында Жабай және Калутон өзендерінің Ақмола облысындағы тасу есебінен облыс орталығына жетеді деп күтілуде. Бұл елді мекендерге қауіп төндірмейді. Су тасқыны жағдайы тұрақты бақылауда»,- деп атап өтті Ғауез Нұрмұхамбетов.