Күн жылығанда аулаңызда бүрге не кене барын өз көзіңізбен емес, өз теріңізбен біліп қалу – ең жағымсыз жағдайлардың бірі саналатыны анық, деп жазады Ertenmedia.kz.
Аулаға шығып кіргеннен кейін теріде ұсақ қызыл бөртпепайда болады. Егер жануарларыңыз тоқтамай қасынса, ауалда осы жәндіктерден болуы мүмкін. Мұндайда уақыт жоғалтпай, аумақты тексеріп, алдын алу шарасын қолға алған дұрыс.
Көп адам бүрге мен кенені шатастырып жатады. Алайда олардың айырмасы анық. Бүрге өте ұсақ келеді, ұзындығы көбіне 3 миллиметрдей ғана болады, түсі қызыл қоңыр, алты аяқты, қанаты жоқ. Ең басты ерекшелігі – секіреді.
Көбіне мысық пен ит сияқты үй жануарларына жабысады. Ал кене одан ірілеу, түсі қоюлау, сегіз аяқты, өрмекшітәрізді жәндікке жатады. Ол бүргедей секірмейді, жермен жорғалап жүреді. Қан сорғаннан кейін көлемі де үлкейіп кетуі мүмкін.
Бүргені анықтау үшін ұзын ақ шұлық пен ұзын шалбар киіп, аула ішінде жүріп өтуге болады. Кейін шұлыққа жабысқан ұсақ қара жәндіктер бар-жоғын қарайсыз. Кенені де осыған ұқсас жолмен байқауға болады. Ол үшін жерге ақ мата не сүлгі сүйретіп өткізіп көрсе жеткілікті. Егер содан кейін бірнеше кене табылса, аула күтімін күшейту керек деген сөз.
Бүрге мен кене көбіне көлеңкелі, ылғалды, ауа айналымы нашар жерді ұнатады. Сондықтан ауладағы ең қарапайым, бірақ ең тиімді қорғаныс – шөпті уақтылы шауып тұру. Арам шөп қалың өссе, қураған жапырақ пен қоқыс жиналса, күн сәулесі жерге дұрыс түспейді. Ал дәл сондай орта мұндай зиянкестерге өте қолайлы. Шөп қысқа, аула таза болса, жер құрғақтау келеді, ал мұндай орта бүрге мен кенеге жайсыз.
Контекст
Тағы бір маңызды мәселе, жабайы және қаңғыбас жануарлар. Бүрге мен кенені аулаға егеуқұйрық, тиін, қаңғыбас ит пен мысық та әкелуі мүмкін. Сол себепті ауланы қоршап, артық жануардың еркін кіріп-шығуына жол бермеген жөн. Қарапайым қоршаудың өзі кейде үлкен қорғанысқа айналады.
Егер жәндіктер көбейіп кетсе, арнайы инсектицид қолдануға болады. Ол спрей не түйіршік түрінде сатылады. Әдетте құрамында карбарил не перметрин секілді заттар болады. Бірақ ондай құралды таңдағанда үй жануары мен бала қауіпсіздігін де ескерген дұрыс. Ал мәселе қайталана берсе, маман шақырып, кәсіби өңдеу жасатқан жөн.
Қысқасы, бүрге мен кене өздігінен жоғалып кетпейді. Олардың алдын алу үшін ауланы таза ұстау, шөпті қысқа шабу, көлеңкелі қоқыс орындарын жою, жануарлардың кіріп-шығуын шектеу және қажет болса арнайы өңдеу жүргізу керек. Осындай қарапайым тәртіп сақталса, аула да таза, үй жануары да тыныш, отбасы да қауіпсіз болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







