«Ақ жол» демократиялық партиясының Астанада өткен кезектен тыс құрылтайында саяси ұйымның жаңа төрағасы сайланды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Делегаттардың басым көпшілігі партия төрағасының орынбасары әрі Мәжіліс вице-спикері Дания Еспаеваның кандидатурасын қолдап, дауыс берді.
Ол осыған дейін басшылықты жаңарту және билік сабақтастығы қағидатын алға тартып, өз өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдаған Азат Перуашевтің орнына келді.
Жиында Дания Еспаеваның кандидатурасын бұрынғы төрағаның өзі ұсынып, оның ел тарихындағы тұңғыш әйел президенттікке кандидат атанғанын, парламенттік оппозиция, заңсыз активтерді қайтару, жеке тұлғалардың банкроттығы сияқты маңызды заң жобаларының авторы екенін ерекше атап өтті.
Құрылтай барысында Қарағанды облыстық филиалының басшысы Ермек Әбілдиннің де есімі балама үміткер ретінде аталғанымен, дауыс беру нәтижесінде көпшіліктің таңдауы бірінші кандидатқа түсті.
Еспаева туралы не белгілі?
Жаңа басшы Ақтөбе өңірінде дүниеге келген, мамандығы экономист. Үлкен саясатқа қадам басқанға дейін отыз жылдан астам уақыт бойы БТА Банк және Қазкоммерцбанк сияқты ірі қаржы институттарының аймақтық бөлімшелерінде басқарушылық қызметтерді атқарып, мол тәжірибе жинақтады. Сондай-ақ екі мәрте облыстық мәслихат депутаты болып сайланды.
Парламенттік қызметін 2016 жылы бастаған ол Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінде жұмыс істеді, ал өткен жылдың көктемінде төменгі палата төрағасының орынбасары лауазымына бекітілді.
Заң шығару ісінде шағын және орта бизнесті қолдау, қаржы саясатын жетілдіру және әлеуметтік қорғау бағытындағы бастамаларға белсенді атсалысып келеді. Осыған дейінгі сайлау науқандарында да экономиканы нығайту, көпбалалы аналар мен кәсіпкер әйелдерді қолдау мәселелерін басты назарда ұстаған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







