Қазақстанда қызметкерлердің нақты табысын жасыратын жұмыс берушілерге қатысты бақылау күшейеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлттық экономика министрлігі еңбек ақысын толық көрсетпей, бір бөлігін «конвертпен» төлейтін компанияларға қарсы қатаң шаралар қажет екенін мәлімдеді. Бірінші вице-министр Азамат Амриннің айтуынша, бұл мәселе тек салық түсіміне ғана қатысты емес. Әңгіме миллиондаған жалдамалы қызметкердің әлеуметтік құқығы туралы болып отыр.
Министрлік дерегінше, азаматтардың әлеуметтік төлемі жұмыс берушінің салық пен әлеуметтік аударымдарды қаншалықты тұрақты әрі толық төлегеніне тікелей байланысты. Бұл жүктілік және босану, бала күтімі, еңбекке қабілеттіліктен айырылу немесе жұмыссыз қалу жағдайындағы төлемдерге әсер етеді.
Азамат Амрин мысал ретінде ресми жалақысы 300 мың теңге болатын қызметкерді атады. Егер жұмыс беруші 12 ай бойы барлық салық пен әлеуметтік аударымды толық төлесе, бала күтімі бойынша жәрдемақы шамамен 120 мың теңге болуы мүмкін.
Ал төлемдер үзіліп қалса, қатысу коэффициенті төмендейді. Соның салдарынан жас ана 80 мың, тіпті 30 мың теңге ғана алуы ықтимал.
Вице-министрдің айтуынша, көптеген қызметкер «сұр жалақының» салдарын бірден сезбейді. Бірақ жәрдемақы рәсімдегенде, жұмысынан айырылғанда немесе табыссыз қалған кезде ресми аударымның маңызы анық көрінеді.
Қазақстандағы әлеуметтік төлем жүйесінде жәрдемақы мөлшері тек жалақы көлеміне емес, әлеуметтік төлемдердің тұрақты түсуіне де тәуелді. Сондықтан жұмыс берушінің салықтан жалтаруы ең алдымен қарапайым қызметкердің болашақтағы әлеуметтік қорғанысын әлсіретеді.
Министрлік фискалдық саясат енді бюджет кірісін толықтырумен ғана шектелмей, азаматтардың әлеуметтік кепілдігін қорғауға да бағытталатынын атап өтті. Яғни еңбек ақысын ашық көрсету – бизнес үшін есеп мәселесі ғана емес, жұмысшы алдындағы нақты жауапкершілік.
2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша БЖЗҚ салымшыларының шоттарына бөлінген зейнетақы активтерінің табыстылығы 0,00 пайыз деңгейінде тіркелді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







