Премьер-министр Олжас Бектенов жазғы демалыс кезінде балалар тегін бара алатын музейлер, театрлар, кітапханалар, мәдени орталықтар мен ұлттық саябақтар тізімін кеңейтуді тапсырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Үкімет отырысында Премьер-министр балалардың жазғы демалысын мазмұнды, қауіпсіз әрі пайдалы ұйымдастыру мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Мәдениет министрлігі жазғы кезеңде балалардың мәдени нысандарға тегін бару бағдарламаларын кеңейтуі қажет.
«Мәдениет министрлігі жазғы демалыс кезінде балалардың музейлер мен театрларға, кітапханалар, мәдени орталықтар мен ұлттық саябақтарға тегін бару бағдарламаларын кеңейтуі керек», деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, оқушылар мен студенттерді уақытша жұмыспен қамту шараларын ұйымдастыру тапсырылды. Премьер-министр мұндай жұмыс барысында еңбек құқықтары мен қауіпсіздік талаптары толық сақталуы тиіс екенін атап өтті. Осы мақсатта бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің басқа да түрлерін өткізу қажет.
Үкімет басшысы аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан және ауылдық жерлердегі балалардың демалысына айрықша назар аудару керегін айтты. Балаларды сауықтыру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және мәдени ортаға тарту жұмыстары әлеуметтік тұрғыдан осал топтар үшін қолжетімді болуы тиіс.
Жалпы үйлестіру жұмысы Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелді.
Олжас Бектенов балалар демалысын ұйымдастыруда мемлекеттік қолдау шараларымен қатар, отбасы мен ата-ананың рөлі ерекше екенін де атап өтті. Оның сөзінше, баланың қауіпсіздігі мен тәрбиесі тек мектептің немесе мемлекеттің міндеті емес, ең алдымен ата-ананың күнделікті назарынан басталады.
– Баланың өміріндегі ең маңызды құндылық оның отбасы. Ата-аналар баланың өміріне бейжай қарамай, араласатын ортасын, қызығушылығы мен бос уақытын қалай өткізетінінен хабардар болуы керек, – деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы Мемлекет басшысының отбасылық тәрбие туралы ұстанымына да тоқталды. Ата-анасының мейірімін көріп, дәстүрді бойына сіңіріп, жақындарынан өнеге алған бала адалдық, еңбекқорлық және азаматтық жауапкершілік қасиеті бар тұлға болып қалыптасады.
Жазғы демалыс балалар үшін бос уақыт қана емес, танымын кеңейтетін, өнерге, кітапқа, табиғатқа және еңбекке жақындататын маңызды кезең. Сондықтан мәдени нысандардың қолжетімді болуы, қауіпсіз демалыс және ата-ананың жауапкершілігі қатар жүруі керек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







